«Барыс» «Сочи» хоккей клубын тізе бүктірді
Құрлықтық хоккей лигасының кезекті ойын күнінде елордалық «Барыс» өз мұзайдынында «Сочиді» қабылдады. Ойын Юрий Михайлис шәкірттерінің пайдасына 5:2 есебімен аяқталды. Дегенмен матчтағы алғашқы шайбаны қонақтар соқты. Кирилл Петьков Йони Ортио күзеткен қақпаның кілтін тапты.
Әлихан Әсетов осы маусымдағы үшінші шайбасын соғып, ойындағы есепті теңестірді. Арада тағы бес минут өткен соң Роман Савченко Кирилл Савицкий мен Роман Старченконың нәтижелі пасын сәтті пайдаланып, алаң иелері 2:1 есебімен алға шықты.
Екінші жиырма минуттық кезінде Якоб Лилья дубль авторы атанып, ойынның тағдыры шешілді. Үшінші кезеңде нәтижелі пас авторы Кирилл Савицкий «Барыстың» бесінші шайбасын соқты. Есеп 5:1. Ойынның соңғы минутында «Сочи» Янис Якстің көмегімен бір шайба соғып, ойындағы қорытынды есеп 5:2 болды.
Осы жеңістен соң «Барыс» Шығыс конференциясында 37 ойыннан кейін 36 ұпай жинап, плей-офф аймағында келе жатқан «Амур» хоккей клубынан бір ұпайға қалып келеді.
Келесі ойынын «Барыс» Бейжің қаласының «Куньлунь Ред Стар» командасына қарсы өткізеді. Ойын 10 желтоқсан күні сағат 19:20-да
«Барыс-Арена» спорт кешенінде өтеді. Матч «Qazsport» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіледі.