Марлан Мұқашев пен Демеу Жадыраев қола медаль үшін күреседі
Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында кешке қос қазақ палуаны қола жүлдеге таласуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жұбаныш белдесуінде Марлан (55 кг) Таига Онишиды (Жапония) сенімді ұтты (9-0). Ал Демеу (77 кг) молдовалық палуан Александрин Гутудан 7-2 есебімен басым түсті. Енді Мұқашев кешкі сессияда осы салмақтағы биылғы әлем чемпионы, ирандық Пуйа Дадмарзбен, Жадыраев әлем чемпионы және қола жүлдегері Малхас Аоянмен (Армения) күш сынасады.
Айта кетейік, 55 кг салмақ Олимпиада бағдарламасына кірмейді, ал 77 кг кіреді. Сәйкесінше, Жадыраев/Амоян және Варданян/Кусака айқасында жолы болмаған палуандар өзара күресіп, осы салмақтағы бесінші Олимпиада жолдамасына таласады.
Бүгін бозкілемге шыққан Азия чемпионы Ибрагим Магомадов (72 кг) ширек финалда Франция атынан сынға түсетін Ибрагим Ганемге, Олжас Сұлтан (60 кг, Олимпиада салмағы) Оңтүстік Корея спортшысына, Олжас Сырлыбай (97 кг, Олимпиада салмағы) Италия намысын қорғайтын Николоз Кахелашвилиге жол берді.
Кеше Ұлттық құрама палуаны Марлан Мұқашев 1/8 айналымда (55 кг) украиналық спортшыны ұтқан. Алайда ширек финалда 2 дүркін әлем чемпионы Эльданиз Азизлиге (Әзірбайжан) жол берді.
Демеу Жадыраев іріктеуде хорватиялық спортшы Антонио Каменьяшевичті, сосын, Тойлы Оразовты (Түркменстан) және былтырғы чемпионаттың финалисі Золтан Леваиды (Мажарстан) жеңген. Алайда ширек финалда 2019 жылғы Ослодағы әлем чепионатының күміс жүлдегері, Еуропа жеңімпазы Санан Сулеймановқа (Әзірбайжан) есе жіберді.