Париж-2024: Олимпиадаға 80 спортшы аттанады, жолдаманы кім қалай жеңіп алды

Париждегі ХХХІІІ жазғы ойындардың басталуына 16 күн қалды. Бүгінде қазақстандық спортшылар Олимпиадаға іріктеу турнирлерін толық аяқтады. Франция астанасында спорттың 25 түрінен 80 спортшы ел намысын қорғайды. 

Қазақстан спортшылары арасынан Париж Олимпиадасының ең алғашқы жолдамасын мерген Ислам Сәтпаев жеңіп алды. Нысана көздеу шебері Әзербайжанның Баку қаласында өткен лицензиялық әлем чемпионатында үздік төртікке енген болатын.

Содан бері қазақстандық спортшылар әлемдік және құрлықтық іріктеу турнирлеріне қатысып, Париждегі жазғы ойындардың жолдамасына таласты. Бірде спортшыларымыз мерейімізді асырса, енді бірде атлеттерімізге сәттілік жетпей жатты.

Олимпиада ойындарының квотасы негізінен әлем чемпионаттары мен құрлықтық, әлемдік іріктеу турнирлерінде және әлемдік рейтинг қорытындысы бойынша таратылды. Боксшылар арасындағы жолдама Ханчжоудағы Азия ойындарында үлестіріле бастады. Жазғы Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) пен Карина Ибрагимова (57 келі) лицензия мәселесін шешіп алған болатын. 


Әлем чемпионаттарында жолдама жеңіп алғандар қатарында спорттық гимнастика өкілі Милад Карими, еркін күрес шеберлері Азамат Дәулетбеков пен Мейрамбек Қартбай және грек-рим күресінің өкілі Нұрсұлтан Тұрсынов, нысана көздеуші мерген Ислам Сәтпаев бар. Карими 2023 жылы Бельгияның Антверпен қаласында өткен әлемдік додада еркін бағдарламадан қола жүлдегер атанып, көпсайыстан 5-орынға табан тіреді. Ал Дәулетбеков, Қартбай және Тұрсынов Сербияның Белград қаласындағы әлемдік сында лицензияға иелік етті. Сәтпаевтың бізге ең бірінші жолдаманы сыйлағанын жоғарыда атап өттік.

Әлемдік рейтинг қорытындысы бойынша Парижге аттанатын спортшылар да жоқ емес. Атап айтар болсақ, Нариман Курбанов (спорттық гимнастика), Әсем Орынбай (стенд ату), Данил Мұсабаев (батуттағы гимнастика), Андрей Чугай (тректегі велоспорт), Дмитрий Панарин (бадминтон), Ирина Юнусметова (нысана көздеу), тас жолдағы велоспорттан Қазақстан командасы және семсерлесуден Қазақстан құрамасы әлем кубогі кезеңдері мен әлемдік рейтинг нәтижесі бойынша Олимпиада жолдамасын қоржынға салды. 

Дзюдодан арнайы түзілетін олимпиадалық рейтинг қорытындысы бойынша Абиба Әбужақынова, Эсмигул Куюлова, Камила Берліқаш, Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, Данияр Шамшаев, Абылайхан Жұбаназар және Нұрлыхан Шархан жолдамаға иелік етті.

Жеңіл атлетикадан жеті спортшы, теннистен бес спортшы рейтинг бойынша іріктелді. Олар бүгінде Олимпиадаға қызу дайындық үстінде.

Лицензиялық Азия чемпионаттары мен құрлықтық іріктеу турнирлерінде топ жарып, Олимпиадаға квота алған атлеттеріміз де баршылық. Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының мүшесі Эльжана Таниева Ташкентте өткен лицензиялық Азия біріншілігіндегі жалғыз әрі соңғы лицензияны еншіледі. Одан бөлек, Эдуард Ещенко (стенд ату), Мария Дмитриенко (стенд ату), Никита Чирюкин, Арина Алтухова, Константин Малиновский, Александра Ле (нысана көздеу), Айдос Сұлтанғали, Демеу Жадыраев, Әлімхан Сыздықов (грек-рим күресі), Әлішер Ерғали, Юсуп Батырмұрзаев (еркін күрес), байдарка мен каноэде есуден Қазақстан командасы, садақ атудан Қазақстан командасы құрлықтық чемпионат пен құрлықтық іріктеу сынында Парижге жолдама алды.

Әйелдер боксынан Қазақстан командасының мүшелері Назым Қызайбай мен Валентина Хальзова да Бангкоктегі (Таиланд) құрлықтық іріктеу сынында оқ бойы озық шықты.

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Италияда өткен әлемдік іріктеу турнирінде алты жолдама жеңіп алды. Атап айтар болсақ, Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай және Айбек Оралбай әлемдік турнирде тайсалған жоқ. Ал Мұхаммедсабыр Базарбайұлы командадағы ең соңғы лицензияны Таиландтағы құрлықтық іріктеуде иеленді.

Спорттық құзға өрмелеу мен брейкингтен іріктеу турнирлері ерекше форматта өткізілді. Спортшылар екі кезеңнен тұратын іріктеу сынына қатысып, спорттық құзға өрмелеуден Әмір Маймұратов, брейкингтен Амир Закиров Олимпиадаға қатысу мүмкіндігін алды. 

Олимпиадаға іріктеу кезеңін қорытындылай келе, төмендегі деректерді ерекше атап өтуге болады:

• Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Олимпиадаға толық құрамда барады

• Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы тұңғыш рет жазғы ойындарға үш спортшыны апарады

• Брейкинг пен бадминтоннан Қазақстан тұңғыш рет Олимпиада жолдамасын иеленді. Брейкингтен Амир Закиров, бадминтоннан Дмитрий Панарин ел намысын қорғайды.

• Әйелдер күресінен Қазақстан командасы тарихта тұңғыш рет Олимпиададан сырт қалды.

• Семсерлесуден Қазақстан құрамасы тарихта тұңғыш рет командалық жарыста бақ сынайды.

• Қазақстан тұңғыш рет гимнастиканың үш түрінен (батуттық, спорттық және көркем) жазғы Олимпиадада сынға түседі.

• Нысана көздеуден Қазақстан командасы тұңғыш рет алты спортшыны Олимпиадаға апарады.

• Париж Олимпиадасына қатысатын 80 қазақстандық спортшының ішінде 54 атлет жазғы ойындарға тұңғыш рет қатысқалы отыр.

• Қазақстан олимпиадалық құрамасының сапында жазғы ойындарға төртінші рет қатысатын екі спортшы бар. Олар – жеңіл атлет Ольга Сафронова мен академиялық есу шебері Владислав Яковлев.

• Елдос Сметов (дзюдо), Кирилл Герасименко (үстел теннисі) және Елена Потапенко (қазіргі бессайыс) Олимпиада ойындарына үшінші рет қатыспақ.

• 21 спортшы өз мансабындағы екінші Олимпиадаға аттанады. 

Танымал жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар

Таэквондодан Тунис құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов елге оралуы мүмкін
УЕФА Ұлттар лигасының ширек финалына шыққан барлық құрама анықталды
Рафаэль Уразбахтин «Қайраттың» бас бапкері болып қала береді
«Барыс» қатарынан екінші ойында жеңіске жетті
Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы төртінші себетте болады
«WrestlingStars» турнирінде әлем және Қазақстанның күрес жұлдыздары белдеседі
Астанада пара дзюдодан халықаралық жарыс өтеді
Қазақстандық футболшы әйгілі футбол клубына ауысуы мүмкін
6 жасар Хадия Қонаева джиу-джитсудан Әлем чемпионы атанды
Қазақстан құрамасы тоғызқұмалақтан Әлем чемпионы болды
Бокстан Азия чемпионатына баратын әйелдер құрамы белгілі болды
Надежда Морозова конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионатында күміс медаль еншіледі
Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңіне жолдама алды
Қазақстан Норвегияға есе жіберді
Юлия Путинцева Оңтүстік Корея теннисшісінен басым түсті
Еркін күрестен Қазақстан Кубогында бес салмақтан үздіктер анықталды
Билли Джинг Кинг турнирі: Елена Рыбакина Со Хен Пакты жеңді
Билли Джинг Кинг турнирі: Зарина Дияс Оңтүстік Корея теннисшісінен басым түсті
Бокс аңызы Майк Тайсон үлкен спортқа қайта оралды
Ресми: Шавкат Рахмонов ирландиялық Иэн Гэрримен жұдырықтасады