Қос қазақстандық балуан Германияда өткен Гран-при турнирінің чемпионы атанды

Германияның Дортмунд қаласында грек-рим күресінен өткен Гран-при халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының балуандары жалпы саны жеті медаль жеңіп алды, оның екеуі — алтын.
2024 жылғы Олимпиададан кейінгі алғашқы халықаралық турниріне қатысқан Демеу Жадраев (77 келіге дейін) қарсыластарының бәрін жеңіп, чемпион атанды.
Сондай-ақ, 67 келі салмақ дәрежесінде белдескен Багдат Сабаз да өз қарсыластарынан басым түсіп, алтын жүлдеге ие болды.
Күміс жүлдені Ербол Камалиев (60 кг дейін) пен Омар Сатаев (82 кг дейін) иеленді.
Ал Айбек Сабырбеков (60 кг дейін), Асаухат Мұхамадиев (63 кг дейін) және Мейіржан Шермаханбет (67 кг дейін) қола жүлдегер атанды.