Бразилия тұрғындары арасында Олимпиада ойындарына қатысты кереғар пікір қалыптасқан
Айта кетейік, Рио-де Жанейрода 5-21 тамыз аралығында өткен Олимпиада ойындарына дайындық елде орын алған саяси және экономикалық дағдарыстарға байланысты туындаған бұқаралық наразылықтармен қатар жүрді, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.
XXXI жазғы Олимпиада ойындары оның ресми ашылуына екі күн қалғанда басталып, Белу-Оризонти, Бразилиа, Манаус, Сальвадор, Сан-Паулу сияқты қалаларда да өтіп жатты. Бұл Оңтүстік Америкада өткен алғашқы Олимпиада.
Бразилия тұрғындарының барлығы бірдей 4 жылда бір рет ұйымдастырылатын халықаралық деңгейдегі спорттық шараның өтуін қалаған жоқ. Өйткені, Бразилия осы уақытта өзінің тарихындағы үлкен дағдарысты бастан өткеруде. Сол себепті де жарысқа дайындық барысында қалың көпшілік тарапынан айтылған ұрандардың бірі «Олимпиаданың керегі жоқ», «Олимпиада кім үшін?» деген сияқты сөздер болды.
ТАСС тілшілерінің хабарлауынша, Рио-де-Жанейро қаласы тұрғындарының бірі Ана-Каролина Мендес бразилиялықтардың басты наразылықтары сыбайлас жемқорлықпен байланысты болып отырғандығын айтады. «Біз спорттық шараға дайындық барысында ұрлық-қарлыққа жол беріледі деген ойда болдық. Өйткені мемлекет билігі көбіне қарапайым халық туралы ойлай бермейді. Бірақ, мен уақыт өте келе кей жағдайда тым қатты талапшыл болғанымызды байқадым. Әдетте, мұндай іс-шаралар мемлекет бюджеті үшін қиынға соғады. Дегенмен, біз Олимпиаданың өзіміздің туған Бразилиямызда өткеніне қатты қуанып, кеудемізді мақтаныш кернеді»,-деген ойымен бөлісті.
Ресми мәліметтерге сәйкес, 2016 жылғы ойындардың бюджеті шамамен 9-75 млрд доллар болады.
Олимпиада аясындағы жарыстар 32 спорт нысанында өтті. Олардың басым көпшілігі арнайы осы шара үшін салынды. Тек, кейбір нысандар ғана соған бейімделіп, қайта жөнделді. Дайындық жұмыстары уақытында аяқталды.
Олимпиада аяқталған соң осы нысандардың көпшілігі мемлекеттік жаттығу орталықтарына арналады. «Біз билік өкілдерінің олимпиадалық нысандардың көпшілігінің базаларында спорттық резервтерді дайындау жұмыстары жүргізілетіндігі жөніндегі уәделерін естідік. Онда біздің балаларымыз спортпен айналысатын болады. Бұл әрине, қуанышты жаңалық. Өйткені көптеген балалардың мұндай орындарға бара беруге мүмкіндіктері жоқ. Ал, спорт балалардың жаман әдеттерден аулақ жүрулеріне көмектеседі. Сондықтан мен билік өкілдеріне соңғы күндері қаламызда болған ұзын-сонар кептелістер мен аласапыранды кешіруге дайынмын»,-деді Рио тұрғыны Жанейро Массимо Алвеш.