ҚР Қорғаныс министрі Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ольга Рыпаковаға құрмет көрсетті
Бүгін, 31 тамызда Астанада ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов жеңіл атлетші, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері ҚР ҚМ АОСК-ның капитаны Ольга Рыпаковаға құрмет көрсетті.
«Барша әскери қызметшілердің және жеке өзімнің атымнан барлық армияшы спортшылардың күш-жігерін атап өткім келеді. Және әрине, жеңіл атлетикада биік шыңды бағындырып, үшінші орынға қол жеткізген біздің Ольга Рыпакованы құттықтағым келіп отыр. Сөзсіз, барлық марапаттарыңыздың ішінде «қола» жүлдеңіздің алар орны айрықша. Елбасымыз – ҚР Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы атап өткендей, ол «алтын» жүлдеге әбден лайық, себебі, Лондон мен Рио Олимпиадалары арасында Ольга Рыпакова сымбаты мен спорттық қасиетін сақтай отырып, екі рет ана атанып үлгерді». Дәл Сіз секілді адамға қарап барша Қазақстанның жастары бой түзейді және Сіз арқылы нағыз армиялық спортты біле бастайды», - деді қорғаныс ведомствосының басшысы Иманғали Тасмағамбетов.
ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысының атынан Иманғали Тасмағамбетов спортшыға «Парасат» орденін табыс етті. Сонымен бірге, Риода сәтті өнер көрсеткені үшін Ольга Рыпаковаға мерзімінен бұрын кезекті «майор» әскери атағы беріліп, бағалы сыйлықтар табысталды.
«Мен барша қазақстандықтарға, Нұрсұлтан Әбішұлына, Сізге, АОСК-ның барлық басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Баршаларыңыз маған жанкүйер болып, қолдау көрсеттіңіздер, көптеген ізгі тілектер айтылды. Қазақстан Республикасына және спортқа қызмет етемін! Мен әрі қарай да барлық әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, қазақстандық спорт пен қазақстандық армияның абыройын асқақтатқым келеді», - деп Ольга Рыпакова риясыз ризашылығын білдірді.
ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының әскери қызметшісі Ольга Рыпакова Риода өткен Олимпиадада үш мәрте секіруде 14,74 метр нәтиже көрсетті. Бұл оның маусымдағы үздік жеке нәтижесі болды.
Дереккөз: mod.gov.kz