Денис Тен 2017 жылғы қысқы Универсиадаға дайындалуда
Мәнерлеп сырғанау бойынша Қазақстанның студенттер құрамасы 2017 жылы Алматы қаласында өтетін XXVIII Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға қызу дайындық үстінде, деп хабарлайды inform.kz.
«Мәнерлеп сырғанау бойынша қазақстандық команда алдағы студенттік ойындарға қызу дайындықты бастап кетті. Денис Тен мен Абзал Рақымғалиев сынды ерлер құрамасы АҚШ-та жеке бапкерлермен жаттығып жатыр, ал, әйелдер құрамасындағы Айза Иманбек пен Регина Глазман Алматыда дайындалуда», - деді мәнерлеп сырғанау бойынша Қазақстан құрамасының бас бапкері Құралай Узурова.
Бапкердің айтуынша, өткен юниорлар арасындағы Гран-Приде Айза Иманбек жақсы нәтиже көрсеткен. Барлық бапкер Универсиада-2017 ойындарында Айза Иманбектің он үздік спортшы қатарына енетініне сенімді. Бірақ, Қазақстан құрамасындағы негізгі алтынға үміткер - Денис Тен.
«Біз алдағы Универсиада-2017 ойындарында медальдар жеңіп алуға тырысамыз. Алтын жүлдеге негізгі үміткер -Денис Тен, ол студенттік ойындарға қатысуға шешім қабылдады және қазір жоғары деңгейде өнер көрсету үшін дайындық үстінде», - деп атап өтті Қ.Узурова.
2017 жылы Алматы қаласында өтетін қысқы Универсиадада Қазақстан құрамасы сапында мәнерлеп сырғанау бойынша 10 спортшы бақ сынайды.