Алғашқы Универсиада қалай өтті?
Студенттік спорт тарихы 1905 жылдан бастау алады. Осы жылы АҚШ-та студент жастардың алғашқы халықаралық жарысы өтті. Алайда, Универсиада деген атау алған алғашқы спорт жарысы 1959 жылы Италияның Турин қаласында өткен болатын. Содан бергі кезеңде Универсиада әлемдегі ең айшықты халықаралық бұқаралық спорт және мәдени оқиғалардың біріне айналды.
1959 жылы Туринде өткен Универсиада жазғы спорт шарасы болды. Әлемдік додаға 45 елден келген 985 атлет қатысып, 7 спорт түрінен 60 медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Бағдарламаға кірген спорт түрлері: баскетбол, волейбол, жеңіл атлетика, теннис, семсерлесу, су полосы мен жүзу.
Алғашқы Универсиаданың қорытындысы бойынша жалпы есепте жергілікті Италия құрамасы жеңіске жетті. Олар 38 медальға ие болды: 18 алтын, 10 күміс, 10 қола. Екінші орынды 11 алтын, 8 күміс мен 5 қола жаулап алған КСРО құрамасы иеленді. Үшінші орын Германия Федеративтік Республикасына (6 алтын, 9 күміс, 10 қола) бұйырды.
Естеріңізге сала кетейік, XXVIII Дүниежүзілік Қысқы Универсиада Қазақ елінде өтеді. Алматыда ашылатын студенттік Қысқа ойындардың басталуына 39 күн қалды.