Универсиада-2017. «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешені - көкке ұшырар жол
2017 жылы елімізде алғаш рет студенттік ойындар өткізілмек. Алатау баурайында алауы тұтанатын Универсиада Алматыдағы бірнеше спорт кешендерінде өтеді, назарларыңызға Универсиада ойындары өтетін сол нысандардың бірі - «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешені туралы ақпарат ұсынамыз.
Аталмыш спорт кешені 2010 жылы қыркүйек айында ашылды. Нысанның ашылуына орай Құрлықаралық кубок жарысы өткiзілді. Елiмiзде 2011 жылы ұйымдастырылған қысқы Азия ойындарының қарсаңында ашылған бұл кешенде, осы күнге дейін әлемдiк деңгейдегi iрi 7 жарыс өтті.
Бұл кешеннің көлемі 28163 шаршы метр, мінбеде 5200 орындық бар. Екі аймақтан тұрады: біріншісі - халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізетін аймақ, екіншісі - оқу-жаттығу өткізетін аймақ. Бұдан бөлек мұнда бес трамплин бар: халықаралық деңгейдегі К-125 тұғыры (әлем бойынша көп кездесе бермейтін ең үлкен трамплиндердің бірі), К-95 (әлем бойынша 300 ғана) және балаларға арналған — К-60, К-40, К-20 тұғырлары. Бұл әмбебап тұғырлар, мұнда қарда ғана емес жасанды төсенішпен сырғанап, секіруге де болады. Төрешілер блогы, аспалы жол, паркинг, медиа орталық, қажеттінің барлығы бар.
«Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешені 2010 жылдың 20 қыркүйегінде ашылғанымен, оның тарихы тереңде жатыр. 1956 жылы нұсқаушы, сол кездегі Дене шынықтыру институның мұғалімі – Эдуард Чупровтың бастамасымен 55 метрлік трамплин қалпына келтіріліп, кейін дәл бір жыл өткен соң, онда елімізде тұңғыш трамплиннен шаңғымен секіру және шаңғы қоссайысы спорт түрлері бойынша республикалық жарыс өткізілді. Ал, алғашқы халықаралық сайыс 9 Кеңес Одағы елдерінің арасында 1959 жылы өтті.
Универсиададағы ойындар кезінде спорт кешені трамплиннен секіру жарыстарын қабылдайды.