Универсиадада спорттың қай түріне билеттер сатылып кетті?
Алматыда XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындық және оны өткізу дирекциясының өкілдері жарысқа билеттердің қалай сатылып жатқаны туралы айтты. 2017 жылғы 13 қаңтарда сатылған билеттер саны 71 220-ны құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық көрермендер мен қонақтар арасында көш бастаған үштікке ерлер арасындаға хоккей жарысы, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау спорт түрлері кіреді.
Бүгінде ерлер арасындағы шайбалы хоккей бойынша жартылай финал мен финалға 80 пайыздан астам билеттер сатылып кетті. Плей-офф пен топтық матчтарға да билеттер белсенді сатылуда.
Статистика жанкүйерлер ерлер мен әйелдердің мәнерлеп сырғанау жарысына билеттің 60 пайыздан астамын сатып алғанын көрсетті.
Дирекция өкілдерінің мәліметтерінше, көрермендер шорт-трек жарысына үлкен қызығушылық танытуда, оған билеттің 70 пайызы сатылып кеткен.
«Бұл мультиспорттық жобаға билет сатудың өзі - қызықты іс, елде алғаш рет нақты уақыт режімінде бірыңғай билет жүйесінде 8 нысанда өтетін 117 жарысқа билет сатылуда. Бірыңғай базаға қолжетімділікпен бір уақытта онлайн, касса арқылы сатумен және жүлде ұтысымен, сондай-ақ билет нөмірі арқылы финалда екі бөлмелі пәтер ұту мүмкіндігімен бірден алты оператор жұмыс істеп жатыр», - деп атап өтті жарыстың департамент басшысы Вадим Дергачев.
Сондай-ақ, www.almaty2017.com, www.fisuticket.com, www.kassir.kz ресми сайттарында сатылған билеттерді қайтару рәсімі әзірленді. Қаражатты қайтару нұсқауын алу үшін ұйымдастырушылар сайттарды техникалық қолдау қызметіне жүгінуді сұрайды, Универсиаданың www.kassir.kz сайтынан билет сатып алған көрермендер де қосымша ақпаратты + 727 346-6-346 телефонынан ала алады.