Ашылу салтанаты мен мәнерлеп сырғанау сайыстары - Универсиаданың билеті ең қымбат шаралары
XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадада ең қымбат билеттер студенттер сайысының ашылу салтанаты мен мәнерлеп сырғанау сайыстары бойынша сатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Билеттер жақсы сатылып жатыр. Бірақ, сатылым «шыңына» шықтық деп айта алмаймын. Бізде, өздеріңіз білесіздер, барлығын «ертеңге» шегере беретін әдетіміз бар. Уақыты таяғанда билеттер өтеді деп ойлаймын. Билеттердің құны да жоғары емес, 300 теңгеден басталады», - деді Универсиада дирекциясы директорының орынбасары Камила Лұкпанова.
Сонымен қатар, ол көрермендер мен жанкүйерлер арасында хоккей мен мәнерлеп сырғанау және шорт-трек танымал екенін айтты. Студенттерге билет жеңілдікпен сатылады.
«Сайыстар билеті 300-3500 теңге аралығында, ал, ашылу салтанатына кіру құны 15 мың теңгеге дейін. Ең қымбат билеттер мәнерлеп сырғанау сайыстарына. Онда билет құны - 3500 теңге. Орта есеппен айтқанда билет құны - 600 теңге», - деді Универсиада -2017 билеттер департаментінің өкілі Вадим Дергачев.