XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың ресми ұялы байланыс операторы анықталды
«Алматы қаласындағы 2017 жылғы XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу бойынша дирекция» МҚ-мен әріптестік шеңберінде «Кселл» АҚ спорт объектілерін сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз етеді және бірыңғай анықтамалық байланыс-орталығын іске қосады.
Байланыс-орталығы барлық ұялы байланыс операторларының абоненттері үшін бірыңғай 7117 нөмірі бойынша жұмыс істейтін болады. Байланыс-орталығы тәулік бойына жұмыс режімінде Универсиаданың қатысушылары мен қонақтарына барлық қажетті анықтамалық ақпарат береді, оның ішіне жарыстар кестесі, спорт объектілерінің орналасқан жері, билеттерді сатып алу тәсілдері және басқа да көптеген хабарламалар кіреді.
Дауысты байланыстың және интернеттің жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін «Кселл» АҚ инженерлері алдағы ойындардың барлық спорт объектілерінде қажетті өлшемдер жүргізді. 12 объектіде 4G/LTE технологиясын қолдайтын базалық станциялар орнатылды. Олардың қатарында «Сұңқар» тау шаңғысы трамплиндерінің кешені, «Алатау» шаңғы-биатлон кешені және «Табаған» спорттық ойын–сауық кешені бар. Төртінші және бесінші нысандар Алматы қ. Халықаралық әуежайы мен «Алматы-1» темір жол вокзалында іске қосылды. Сонымен қатар «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортында, Атлеттер ауылында, «Халық Арена» және «Алматы Aрена» стадиондарында 2G/3G/4G қолдауымен төрт жаңа базалық станциялар орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Көрермендердің барынша көп ағыны күтілетін объектілер үшін компания жоғары жүктеме жағдайларында желі сапасын қамтамасыз ету үшін қосымша 5 мобильдік станция дайындап отыр. Сонымен қатар Атлеттер ауылында спортшылар мен шетелдік делегация үшін «Кселл» компаниясының арнайы қызмет көрсету орталығы ашылады. Ол жерде ағылшын тілінде де қолайлы және жайлы қызмет көрсетіледі.
«Қазір кез келген бұқаралық шараны табысты өткізу сапалы телекоммуникациялық қызметтерді қамтамасыз етусіз елестету мүмкін емес.Телекоммуникациялар ауқымды аудиторияға хабарлау, ақпараттармен жедел алмасу және шұғыл мәселелерді шешу үшін маңызды. Универсиада кезінде ұялы байланыс операторлар желісіне жүктеме артатыны даусыз – адамдар өз әсерлерімен бөліседі, хабарламалар жібереді және мобильдік интернетті белсенді түрде пайдаланады. Бизнестің дайындық жұмыстарына қатысуы үлкен мәнге ие және «Кселл» компаниясымен әріптестік Универсиада қатысушылары мен қонақтарын сапалы байланыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті «Алматы қаласындағы 2017 жылғы XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу бойынша дирекция» МҚ басшысы Наиль Нуров.
«Универсиаданы қабылдау – еліміз үшін үлкен құрмет, – деп атап өтті «Кселл» АҚ бас атқарушы директоры Арти Отс. – Ал біздің компания үшін осы бір орасан зор және жарқын спорт шарасында ресми ұялы байланыс операторы болу -үлкен абырой. Біз Универсиаданың спорт объектілерінің телекоммуникациялық инфрақұрылымын дайындау үшін күрделі жұмыс жүргіздік. Ойындарды ұйымдастыруға тартылған қызметкерлер байланыспен қамтамасыз етілді. Мен жүзеге асырылған жұмыс сапасын тек қазақстандықтар ғана емес, еліміздің қонақтары да бағалай алады деп сенемін».