Универсиада алауының эстафетасына 60 астаналық қатысады
Елордада 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға қызу дайындық жүріп жатыр. Қала әкімдігі бұл шараны өткізудің кешенді жоспарын әзірледі. Бекітілген жоспар бойынша алау эстафетасы Назарбаев Университетінде бастау алып, қалалық әкімдік маңындағы алаңда аяқталмақ . Эстафета 2 кезеңге бөлінген. Ол Қабанбай батыр даңғылы - Достық к-сі - Қонаев к-сі - Бараев к-сі - Республика даңғылы- Кенесары к-сі сынды қаланың орталық көшелерімен өтеді. Алау эстафетасының жалпы ұзындығы - 12 шақырым.
Алауды үздік, белсенді студенттер мен 28 жасқа дейінгі астаналық спортшылар, барлығы 60 адам алып өтпек. Астаналық ІІД жергілікті полиция қызметінің 1500 тәртіп сақшысы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді.
«Кептелістердің алдын алу үшін жолдар кезек-кезек және жүру жолағы бойынша ғана жабылатын болады. Қаланың ғана емес, барша елдің имидждік саясатын нығайтатын шара өте ауқымды әрі әсерлі болмақ», - деді Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Самат Қабдуллин брифинг барысында.
Бірінші кезең аяқталысымен «Бәйтерек» монументінің алдында тұрғындар мен қала қонақтарына арналған концерттік бағдарлама ұсынылады.
Екінші кезеңде алау республикалық штаб өкілдеріне табысталып, 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік Универсиаданың ашылу салтанатына қатысу үшін Астана-Алматы әуе рейсімен оңтүстік астанаға жеткізіледі.
Алматыдағы қысқы Универсиадада 59 елдің 2000 -ға жуық спортшысы 12 спорт түрі бойынша 86 жүлдені ортаға салмақ.
Астана атынан шорт-трек, шаңғы жарысының спортшылары мен «Барыс» хоккей командасы сынға түспек.