Алматыға Халықаралық студенттер спорты федерациясының президенті келді
Алматыға Универсиадаға қатысуға Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) президенті Олег Матыцин келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәртебелі мейман Алматыға таңертең келді. Оны әуежайдан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев пен Универсиада дирекциясының директоры Наиль Нуров қарсы алды.
FISU президенті мінген рейстің кешігіп ұшуына байланысты Олег Матыцин Алматыға уақытында жете алмады. Дегенмен, қазақтың салты «шашумен» күтіп алушылар бұл олқылықтың орнын толтырып жібергендей болды.
Олег Матыцин Алматыға FISU-дің атқару комитеті өткізетін қорытынды жиналысқа қатысу үшін әлемдік студенттер сайысының салтанатты ашылуынан бұрын келіп отыр. Алматының Универсиадаға дайындығы туралы пікір білдірген Олег Матыцин FISU-мен етене байланысуды талап ететін мұндай ауқымды шараны ұйымдастырудың қиыншылықтарын айта кетті. FISU президенті өз сөзінде ойындарға дайындық барысында өзі және FISU мүшелері Алматыға тексеруші емес, тұтас бір командада жұмыс жасайтын топтың мүшелері ретінде келгенін жеткізді.
«Білім, спорт, мәдениет бүгінде әлемге тұрақтылық пен даму, серпіліс беретін сала», - деді FISU Президенті. Сондай-ақ сөзінің қорытындысында ол «спорт – бейбітшіліктің елшісі» екенін жеткізе отырып, сөзін қорытындылады.
Айта кетейік, Олег Матыцин FISU-дың басшылығына 2015 жылдың қараша айында сайланды. Оған дейін ол FISU бірінші вице-президенті қызметін атқарды.