«Kazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин: Универсиада және «кадр сыртында» не болатыны туралы бәрін айтамыз
«Қазақстан» ТРК» АҚ мен «Хабар» агенттігі – Алматы қаласында өтетін 28-ші Дүниежүзілік Қысқы Универсиада-2017 ресми түрдегі ақпарат серіктестері.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Универсиада тақырыбында ақпарат таратуды 2016 жылдың наурыз айынан бастады. Бұл туралы «Kazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин Алматыда Дүниежүзілік Қысқы Универсиадаға қатысты өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Телерадиокорпорацияның құрамына кіретін «Kazsport» республикалық спорттық телеарнасы Универсиаданың бас таратушысы және Универсиада Алау эстафетасының ресми таратушысы.
«Осы жылдың наурыз айынан бастап «Kazsport» арнасы эфирінде «Универсиада қарсаңында - 2017» бағдарламасы тұрақты түрде шығып келеді. Мұндай 80 бағдарлама жасалған болатын. Ал, жарыс күндері көрермендер ең қызықтыны көрсетілімдерден тамашалай алады. «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналары эфирінде Универсиаданың барлық 12 спорт түрінен өтетін сайыстар көрсетіледі. Арнайы бағдарламалар жоспарланған және жүзеге асырылуда. «Алау эстафетасы күнделіктері» кешегі күннен бастап шығуда, оларды жасауды 29 қаңтар күні Алматыда өтетін кезеңмен аяқтаймыз. Күнделіктерде көрермендер бүкіл Қазақстан бойынша эстафетаның қалай өткенін көре алады.
«Универсиада күнделіктерін» бірінші жарыс күні - 28 қаңтардан бастап 9 ақпанға дейін жасаймыз. Әр күн сайын жаңарған ақпаратқа толы 8 күнделік шығады. Ертеңнен бастап екі телеарна эфирінде негізгі баспасөз орталығында түсірілетін «Универсиада алауы аясында» студиялық арнайы жобасын көре аласыздар. Бағдарлама қонағы ретінде Универсиада және «кадр сыртында» не болатыны туралы толық әрі қызықты әңгімелеп бере алатын спортшылар, бапкерлер мен спорт қызметкерлері шақырамыз», - деді Павел Цыбулин.
Телеарна директоры дода кезінде 20 комментатордың жұмыс істейтінін атап өтті. Олар: Есей Жеңіссұлы, Ермек Төрениязов, Ринат Алтайбаев, Шалқар Естен, Андрей Лицов, Самат Қанағатов және басқалары. «Kazsport» телеарнасының комментаторлары арасында шаңғымен трамплиннен секіруден VII Азия ойындарының жеңімпазы Евгений Лёвкин бар.
«Мәнерлеп сырғанауды комментаторлар Әсем Сәрсембаева және Лилиана Әлжановамен бірге белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт жүргізеді. Бұл көрсетілім көрігін одан әрі қыздыра түспек. Дана үшін бұл жаңа тәжірибе болмақ.
Жалпы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Универсиадаға 260 сағаттан астам эфир уақытын арнайды. «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналарында жалпы көлемі 220 сағаттан асатын 140 көрсетілім өтеді. 150 бағдарламаның шығарылымдары жоспарланған. Универсиада туралы 3 радиостанция: «Астана», «Шалқар» және Қазақ радиосы хабар таратады. Корпорацияның 14 аймақтық телеарналарыда да Универсиада туралы материалдары өз көрінісін табады», - деп аяқтады «Kazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин.