Универсиада-2017. Шаңғышы Сергей Малышев Қазақстан қоржынына Универсиаданың 35-жүлдесін салды
Қазақстандық шаңғышы Сергей Малышев Алматыда өтіп жатқан 28-ші Қысқы Универсиада ойындарында 30 шақырымға масс-старт бәсекесінде бағын сынап, қола жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Шаңғы спортынан өткен соңғы сайыста отандасымыз мәрені бірінші болып кескен ресейлік Дмитрий Ростовцевтен +0.5 уақыт қалып, қола жүлдені місе тұтты. Бұл жарыста күміс медальді екінші бір ресейлік спортшы Валерий Гантарь алды.
30 шақырымдық сайысқа қатысқан екінші бір отандасымыз Виталий Пухкало көшбасшыдан 21,1 секунд қалып, төртінші орынға тұрақтады.
Бұл - Қазақстан үшін Универсиада ойындарында алып отырған 35 жүлдесі. Жалпы біздің құраманың қоржынында қазір 11 алтын, 7 күміс және 17 қола жүлде бар.
Ал, Малышевтің бұл екінші жүлдесі. Бұған дейін ол 7,5 шақырымға командалық жарыста күміс жүлде жеңіп алған еді.
Шаңғышылар арасындағы бұл жарысты «Kazsport» телеарнасынан сағат 14:05-те көре аласыздар.