Шорт-тректен Әлем кубогының кезеңі Алматы қаласында өтеді
7-9 желтоқсан аралығында Алматы қаласындағы «Халық Арена» спорт кешенінде шорт-тректен Әлем кубогының үшінші кезеңі өтеді. Жарыстың алғашқы екі кезеңі Канаданың Калгари қаласы мен АҚШ-тың Солт-Лейк қалаларын өткен болатын.
Калгариде өткен сайыста қазақстандық спортшы Абзал Әжғалиев 500 метр қашықтықта күміс медальге ие болған еді.
АҚШ-та өткен жарыс кезеңінде отандастарымыздың арасынан ең үздік көрсеткішті Денис Никиша көрсетті. Ол 500 метр қышықтықта төртінші болып келді. Аталған жарыста да алтын жүлдені қытайлық Олимпиада чемпионы Ву Дайцзин иеленген еді.
Қазіргі таңда Әлем кубогының жалпы есебі бойынша 500 метр қашықтықта Абзал Әжғалиев 4-ші, Денис Никиша 9-шы орында тұр. Ал 1000 метр қашықтықта қазақстандықтар арасында үздік көрсеткішті Еркебұлан Шамұханов бастап тұр (14-орын).
Әлем кубогының Алматы кезеңінен кейін спортшыларды тағы екі кезең күтіп тұр. Олар Германия мен Италия елдерінде өтеді. Барлық жарыс кезеңдері аяқталған соң спортшылар арасында маусым бойынша үздіктер анықталады.