Дакар-2015. Артур Ардавичустің экипажы мотоциклшіні ажалдан арашалап қалды
Дәл қазір Дакар бәсекесінің нағыз қызған шағы. Марафонның бесінші кезеңінде ел намысын қорғап жатқан «Astana Motorsports» командасының мүшелері А.Ардавичус, А.Никижев пен Д.Козловский мотоцикл мінген қатысушыға көмектесіп, өмірін сақтап қалды.
Ұзақтығы шамамен 700 шақырымға созылған бесінші кезең Чилидің Капиопо және Антофагаста қалаларының аралығында өтті.
Бұл кезеңде қатысушылардың барлық категориясы (мотоциклші, жол талғамайтын көлік, квадроцикл, жүк көлігі) жарыс жолының ортақ арнайы аймағында жарысты. Мұндай «Дакарда» өте сирек кездеседі. Мәреге Артур Ардавичустың экипажы кеш жетті.
«Тура көз алдымызда мотоциклші аударылып түсті. «Дакар» ережесі бойынша оқиғаны көрген алғашқы экипаж тоқтап көмек көрсетуі тиіс. Біз де бірден тоқтадық. Ұйымдастырушылармен хабарласып, тікұшақ шақырдық. Бізге көмек келгенін күтуді сұрады. Медициналық жәрдем келгеннен кейін жарысымызды жалғастырдық. Мотоциклшіге көмек көрсетуге 48 минут кетіпті. Ұйымдастырушылар кейін бұл уақытты бізге қайтарды. Ал, мәреге түнде ғана жеттік. Алайда, адам өмірі барлығынан маңызды», - дейді , «Astana Motorsports» командасының пилоты Артур Ардавичус.
Біздің отандастарымыз көмек көрсеткен мотоциклші – КТМ мотоцикліндегі Freedom 64 Rally командасының мүшесі колумбиялық Матео Морено Кристиансен.
Осылайша Артура Ардавичус, штурман Алексей Никижев пен механик Даниэль Козловский экипажы бұл кезеңді 29-шы орында аяқтап, жалпы турнир кестесіндегі 19-шы орнын сақтап қалды.
Бесінші кезең барлық спортшыға оңайға соқпады. 200 шақырымдық арнайы аймақта Айдын Рақымбаев үздік жүргізушілердің бірі саналатын Карлос Сайнспен жарысты.
«Біз басында Карлос Сайнстан қалып қойдық. Бірақ 3 шақырымнан кейін оның Peugeot көлігінің аударылып қалғанын көрдік. Ол көліктен шықты, біз де тоқтадық. Ол шлемін шешіп, жылап жіберді. Бұл мәреге 15 шақырым қалғанда болған оқиға еді. Штурман барлығы жақсы екенін көрсетті», - дейді Айдын Рақымбаев.
Осылай Айдын Рақымбаев пен штурман Антон Николаев бесінші кезеңді 15-ші болып аяқтап, жалпы кестеді 10-шы орынға тұрақтады.
Ал, «Astana Motorsports» командасының Бауыржан Исабаев пен штурман Владимир Демьяненко бастаған үшінші экипажы жарыстың бесінші күнін 28-ші орында аяқтап, жалпы есепте 21-ші сатыға көтерілді.
Енді қатысушылар алтыншы кезеңде Чилидің Антофагаста мен Икике қалалары аралығында 650 шақырым жол жүреді. Ал, оның 277 шақырымы жүруге өте қиын «арнайы аймақтар» болмақ.