Дакар-2015. Айдын Рақымбаевтың экипажы үздік ондыққа қайта оралды
Оңтүстік Америкада өтіп жатқан «Дакар-2015» ралли-марафоны жалғасуда. Жарыстың 9-шы кезеңіндегі қиындықтар штурмандарға кері әсер етті. Бірден бірнеше экипаж бақылау нүктесін таба алмай, 40 минуттан айырылды. Алайда, мұндай қиындықтар мен қателіктерден Айдын Рақымбаев командасы сәтті өтті. Олар бақылау нүктесін табуға біраз уақыт жоғалтса да, жарыс жолын ұйымдастырушылардың жоспары бойынша жүріп өтті.
«Дакардың» 9-шы кезеңінде Айдын Рақымбаев ұжымы 13-ші орында келді. Ол испаниялық Нани Ромаға 48 минут ұтылды. Осылайша олар жалпы турнир кестесінде 10-шы орынға көтерілді.
Ал, Бауыржан Исабаевтың экипажы да 9-шы кезеңде қателік жібермей жалпы турнир кестесінде 17-ші орынға тұрақтады. Жүк көліктері арасында Артур Ардавичустың экипажы кезеңді 9-шы орында аяқтады.