Қазақстандық спортшылар фристайлдан Әлем кубогының үшініші кезеңінде бақ сынайды
12 қаңтар күні Канаданың Калгари қаласында фристайлдан әлем кубогінің үшінші кезеңі өтеді деп хабарлайды ҚР ҰОК.
Аталған сында Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар тізімі жарияланды.
Калгаридегі додаға Павел Колмаков, Александр Геберт, Константин Горлачев, Олег Цинн, Дмитрий Рейхерд, Аяулым Әмренова және Юлия Галышева қатысады.
Спортшыларды бастап апаратын бапкерлер қатарында Елена Круглыхина, Дмитрий Бармашов, Ақжол Заманбеков және Алексей Банников бар.
Айта кетелік, Финляндияда өткен маусымның алғашқы жарысында Юлия Галышева могул бойынша күміс жүлдегер атанды. Ал Қытайдың Тайву қаласындағы әлем кубогінің екінші кезеңінде Дмитрий Рейхерд қола медальға иелік етті. Сондай-ақ, параллельді могулдан Юлия Галышева үздік үштікке енген болатын.
Калгаридегі жарыс аяқталған соң ұлттық құрама спортшылары АҚШ-қа аттанады. Әлем кубогінің төртінші кезеңі 18 қаңтар күні Лейк-Плэсид қаласында өтеді.