Элизабет Тұрсынбаевадан күтеріміз мол!
ХХІХ қысқы Универсиадада 8-9 наурыз күндері әйелдер арасында мәнерлеп сырғанаудан жарыс өтеді. Еліміздің намысын әлемдік додаларда топ жарып жүрген Элизабет Тұрсынбаева қорғайды. «Төрт құрлық чемпионатында» сәтті өнер көрсеткен отандасымыздан бұл жорықта күтеріміз мол. Красноярскіде өтіп жатқан байрақты бәсекеде отандасымыз ең қиын бағдарламаны орындап, тарихқа өзгеріс алып келуі мүмкін. «QAZSPORT» телеарнасының тікелей эфирінде «кішкентай жұлдызымызға» жанкүйер болайық.
Лиза – бұл сындағы басты фавориттердің бірі. Азия ойындарының қола жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева осы маусымдағы ISU рейтингісінде 1794 ұпаймен 4-орында тұр. Лизаның жетістікке жетуіне Этери Тутберидзе мен Брайан Орсер көп еңбек сіңірді. Тренерлік штабтың айтуынша, Тұрсынбаева бұл сындағы ең қиын жаттығулардың бірі – төрттік сальховті орындауға тас түйін дайын. Егер бұл бағдарламаны ойдағыдай орындап шықса, ел қоржынына алтын жүлде салуы ғажап емес.
«QAZSPORT» телеарнасы мәнерлеп сырғанаудың қысқа әрі еркін бағдарламасын тікелей эфирде ұсынады. Айтулы аламанды 8 және 9 наурыз күндері Астана уақыты бойынша сағат 13:00-ден бастап тамашалай аласыздар. Жерлесімізге біздің арнамен бірге жанкүйер болыңыздар!