Қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» VII республикалық турнирі мәресіне жетті
2017 жылдың 2-сі шілде күні Еламан Ерғалиев «Қазақстан Барысы» турнирінде топ жарып, доданың бас жүлдесіне ие болды. Күміс жүлде финалда бәсекенің жеңімпазымен белдескен Ұлан Рысқұлға бұйырды. Ал, үшінші орын - шығысқазақстандық Айбек Нұғымаровта.
Егер де бұл спорт додасының тарихына үңілсек, көптеген қызықты жайттарға тап боламыз.
«Қазақстан Барысы» жобасы танымал журналист, «КТК» телеарнасының бас директоры Арман Шораевтың идеясымен халыққа жол тартты. Кезекті іс-сапарларының бірінде Алтайдың арғы жағында жатқан Моңғол еліне жол тартқан танымал журналист жергілікті халықтың ұлттық мерекенің тойлану сәтіне куә болып, жергілікті ұлттық күрестің үлкен шоу екеніне тамсанады. Кейінірек қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» турнирін ұйымдастыруды қолға алады. Алдымен, «Қазақстан Барысы» турнирі облыстық деңгейде Қызылорда жерінде ұйымдастырылды. Ал, республикалық деңгейдегі алғашқы дода 2011 жылдың тамыз айында Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесі үшін өтті.
Республикалық деңгейде өткізілген жарысқа еліміздің әр облысынан 4 палуан, жалпы есебі 64 спортшы қатысып, турнирдің алғашқы жеңімпазы болып Ұлан Рысқұл атанды. Финалда ол Жамбыл облысының палуаны Бейбіт Ыстыбаевты жеңді. Ал, қола жүлдені Шығыс Қазақстан облысының батыры Шалқар Жоламанов иеленді. Осылайша, негізінде Алматы облысында дүниеге келіп, кейін Қызылорда өңірінің намысын қорғаған Ұлан Рысқұл тұңғыш «Қазақстан Барысы» ретінде тарихта қалды.
2012 жылы турнир қайтадан жалғасын тапты. Еліміздің әр аймағында іріктеу сындары жүргізіліп, еліміздің әр өңірінен жиналған 33 палуан финалда өнер көрсетті. Бұл жолы «Қазақстан Барысы» турнирін жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев ұтып алды. 2011 жылы финалда сүрінген Бейбіт бір жылдан соң барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп отырды. «Қазақстан Барысы» турнирінің тұңғыш жеңімпазы Ұлан Рысқұл ширек финалда оралдық Арман Әбеуовке жол берді. «Тараз арланы» деген лақап атқа ие Бейбіт Ыстыбаев финалда шығыстың шымыры Шалқар Жоламановпен белдесіп, таза жеңіспен кездесуді өз пайдасына шешті. Қола тұғырдан Шығыс Қазақстан облысының тағы бір өкілі Айбек Нұғымаров көрінді. Айбек қола жүлде үшін күресте Арман Әбеуовпен белдесіп, жеңіске жетті.
2013 жылы «Қазақстан Барысы» турнирінде Шығыс Қазақстан облысының бас балуаны, жобаға үш жыл қатарынан қатысып, былтыр қола жүлде жеңіп алған Айбек Нұғымаровтың шоқтығы биіктеді. Финалдық сында Қарағанды облысының балуаны, Лондон Олимпиадасының қатысушысы, дзюдодан 2013 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Ержан Шынкеевті таза жеңді. Турнир ауқымы одан әрі кеңейі, «Қазақстан Барысының» іріктеу айналымдарына қойылатын талаптар күшейе түсті. Еліміздегі ең айтулы спорттық доданың финалына шығу үшін палуандарға 3 іріктеу кезеңін артта қалдыру керек болды. Алдымен, еліміздің әрбір ауыл-аймағында іріктеу сындары өтті. Өз ауылында дес бермегендер аудан орталығында бақ сынап, «Қазақстан Барысы» жобасына іріктеу айналымының екінші кезеңін артта қалдырады. Ал, үшінші іріктеу айналымы әрбір облыс орталықтарында өтті. Облыстық сында оза шауып, қарсыласынан басым түскен 2 спортшыға «Сарыарқа» велотрегінде өтетін республикалық финалға қатысу мүмкіндігі берілді. 2013 жылғы «Қазақстан Барысы» жобасын ұйымдастыру ісінде біршама алға жылжушылық бары байқалды: турнирді ТМД аймағына тарайтын «Боец» және Грузияның кабельді «GMG» арналары тікелей эфирде көрсетті. Турнир идеясының авторы Арман Шораевтың мәлімдеуінше, «Боец» телеарнасы арқылы «Қазақстан Барысы» турнирінің биылғы финалдық сынын Ресейде 1,5 миллион, ТМД мемлекеттерінде 1,5 миллион көрермен тамашалапты. Сондай-ақ, «Қазақстан» Ұлттық арнасы мен «КТК» телеарнасы арқылы 6 миллион көрермен финалдық бәсекені жіті қадағалаған. Одан бөлек, республикалық «Сарыарқа» велотрегіне финалды арнайы көру үшін 12 мыңға жуық жанкүйер жиналды.
2014 жылы финалда тартыс қарағандылық Асылхан Бәрменов пен шығысқазақстандық Мұхит Тұрсынов арасында өрбіді. Екі палуан да кездесудің негізгі уақытында ұпай ала алмады. Қоян-қолтық белдесуде бойының сәл биіктігі Тұрсыновты тұғырға шығарды. Ал, қола белбеуді Руслан Әбдіразақов иеленді. «Қазақстан Барысы-2014» турнирін тікелей эфирде күллі Қазақстан тамашалады. Ресейлік «Боец» арнасы арқылы әлемнің 35 мемлекеті көрді. Бұл қазақ күресін насихаттауға арналған қадам.
2015 жылы Астанада өткен Ұлт көшбасшысы - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» V республикалық турнирінде Бейбіт Ыстыбаев жеңімпаз атанды. Ақтық белдесуде «Тараз арланы» лақап атына ие Бейбіт Ыстыбаев «Сыр арланы» Руслан Әбдіразақовпен белдескен болатын. Екі палуан біразға дейін бір-бірін еңсере алмады. Алайда, ұпай санымен Бейбіт Ыстыбаев жеңіске жетті. Бұл – оның аталмыш турнирдегі екінші жеңісі. Күміс жүлде Руслан Әбдіразақовқа бұйырса, қоланы Ғани Сейділдаев алды. Айта кетерлігі, «Жеңіске жігері» үшін арнайы жүлдені тамаша тартысты белдесу көрсеткен Нұрым Сәлімгереев иеленіп, оған «Самұрық-Қазына» қорынан автокөлік сыйланды. Айтулы доданы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамашалаған болатын. Бұл турнирді Қазақстанның Ұлттық арнасы мен «Kazsport», сондай-ақ, Түркияның «ТРТ» және Ресейдің «Боец» арналары да тікелей эфирде көрсетті.
Бір жыл бұрын, 2016 жылы шілде айында финалда төрт палуан өзара сайысып, соңында кезекті «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталды. Үшінші орынға таласқан Дәулетхан Жақыпты Айбол Айтбек таза жеңіспен ұтты. Ал, бас жүлде үшін болған белдесуде Бейбіт Ыстыбаев Жұманазар Ерсұлтановтан айласын асырып кетті. Сөйтіп, Бейбіт Ыстыбаев үшінші мәрте «Қазақстан Барысы» атанып, алтын тайтұяқты иеленген болатын.
2017 жылғы «Қазақстан Барысы» турнирінде, жоғарыда айтылғандай, «Әскер барысы» Еламан Ерғалиев жеңімпаз атанды. «Барыс Аренада» өткен белдесулерге әр өлкеден 2 палуаннан және «Әскер барысының» үздік екі спортшысы, жалпы есепте 34 «барыс» Қазақ елі чемпионы атануға таласты.
Қазақ күресінен өткен республикалық жарысты «Қазақстан» және «Kazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетті.
Айта кетейік, «Қазақстан» РТРК» АҚ - «Қазақстан Барысы» турнирінің басты ақпарат таратушысы.
Асқар Нуртасов