Қазақстан құрамасының 2018 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына арналған киімі таныстырылды
Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында ел спортшыларының киіп шығатын спорттық киімдерінің таныстыру салтанаты болып өтті. Спортшыларымызға арналған киімдер: салтанатты шеруге арналған жылы спорттық костюм мен шалбар, жылы желет, сайыстар мен жаттығуға арналған желден қорғайтын арнайы формалар мен басқа да жабдықтар.
«Бізге спорттық киім өндіруші бірнеше компаниялардан ұсыныс түсті. Оның ішінде еуропалық алдыңғы қатарлы компаниялар да болды. Спорттық киімдерді таңдауда заманауи өндіріске сай жасалған жапониялық Mizuno компаниясының ұсынысын таңдадық», - деп хабарлады ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас директоры Серік Қасқабасов.
Еліміздің алдағы ақ олимпиада ойындарындағы киімдерінің дизайны ұлттық нақыштағы ою-өрнектер мен түстерден жасалған. Киімдерге қолайсыз ауа райы спортшыларға кедергі келтірмес үшін Breath Termo технологиясы қолданылған.
Қазіргі таңда 100-ге жуық спорттық киім жиынтығы дайын. Алдағы уақытта спортшыларымыздың толық құрамы жасақталған соң бұл көрсеткіш арта түспек.