Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына 15 күн қалды
Оңтүстік Кореяда өтетін ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына бүгін тура 15 күн қалды. Биылғы жылдың басты додасына қазір Қазақстан құрамасы қызу дайындық үстінде. Осыдан бірер күн бұрын Алматыда өткен Олимпиадашыларды арнайы шығарып салу рәсімінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов қысқы ойынға спортшылар 49 жолдама жеңіп алғанын жария етті.
Сондай-ақ, жолдамалар саны әлі толығатыны айтылған еді. ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарында спорттың 15 түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы спорттың 9 түрінен ел намысын қорғайды.
Төртжылдықтың басты додасында бас жүлде жеңіп алған спортшыға 250 мың АҚШ доллары, күміске қол жеткізген спортшыға 150 мың АҚШ доллары және қола жүлдегер атанған спортшыға 75 мың АҚШ доллары көлемінде мемлекет қазынасынан арнайы сыйақы қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, Қысқы Олимпиада ойындары 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтеді.
inform.kz