Нұр-Сұлтандағы хоккей тойы...
Алға, Қазақстан!..
Дәл осындай ұранмен астана жұрты «Барыс-аренаға» жиналды. Өйткені хоккейден әлем біріншілігі І дивизион А тобының ойындары алғаш рет еліміздің бас қаласында өтті. Әлемнің 6 мемлекеті бақ сынасқан байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы топ жарып, белоруссиялықтармен бірге элиталық дивизионға жолдама алды.
Жарыс 29 сәуір күні басталды. Алғаш болып мұз айдында Оңтүстік Корея құрамасы мен Венгрия командасы күш сынасты. Мажарстандықтар шабуылда мықты болғанымен, 2 және 3 кезеңдерде азиялықтардың қақпасынан саңылау таба алмады. Қорғанысты сауатты ойнаған Джим Пек шәкірттері, шабуылда да ширақ қимылдап, мадиярлар қақпасына 5 шайба соқты.
Бұл сындағы Венгриядан келген жанкүйерлердің қолдауын айтпай кетпеске болмас. Жерлестері ұтылып жатса да, ойын соңына дейін «Magyarország» ұранымен, хоккейшілерді жігерлендіругі тырысты. Ерекше қолдауы чемпионат соңына дейін жалғасты.
Сайыстың алғашқы күні ашылу салтанаты кезінде арена іші лық толы болды. Өйткені, ресми ашылғаннан кейін, айдында қазақстандықтар Словения хоккейшілерімен ойнайды. 3Д форматтағы шоулар мен күмбірлеген қазақтың күйі мен ұлттық биі кештің сәнін келтірді.
Ойын басталды. Скабелка шәкірттері алғашқы күннен-ақ жерлестерін қуантып, словениялықтарды 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Чемпионат басында Оңтүстік Корея, Қазақстан, Беларусь құрамалары фавориттер қатарынан көрінді. Тіптен Джим Пек алғашқы 2 ойыннан кейін: «Барыс-аренада» сәтті өнер көрсетуіміз жақсылықтың нышаны» деген еді.
Алайда, Қазақстан құрамасы мықтылар бәсекесінде намысқа тырысып, өз жерінде жерлестерін жерге қаратқан жоқ. Азиялық қарсыластарын 4:1 есібімен ұтты. Бұл күні Беларусь та, Венгрия құрамалары да өз қарсыластарын жеңіп, қос ойында да 4:1 нәтижесі тіркелді.
Элиталық дивизион жолдамасы турнирдің 6-шы күні ойнатылды. Андрей Скабелка Ұлттық құраманы, өз жерлестеріне қарсы дайындады. Осыған дейінгі матчтарда белоруссиялықтар жеңіске жеткен еді. Алғашқы кезеңде Михайлис пен Жайлауов Қазақстан құрамасын есепте алға шығарғанымен, 3-период соңына дейін Сидоренко шәкірттері таразы басын теңестірді. Әлем біріншілігіндегі ең тартысты кездесудің негізгі уақыты тең аяқталып, овертаймда Шестаков мергендік танытып, жанкүйерлердің бойына қуаныш ұялатты. Тартысты ойын қаһармандарын марапаттау үшін мұз айдынға Qazsport телеарнасының директоры Павел Цыбулин шақырылды. Өйткені Qazsport телеранасы - хоккейден әлем біріншілігінің ақпараттық және телевизиялық ресми серіктесі. Бұл күні Джим Пек ойыншылары жолдамаға сынық сүйем қалғанда, литвалықтарға 2:1 есебімен ойда жоқта жеңілген еді. Сөйтіп, жоғарғы дивизионға Қазақстан және Беларусь құрамалары жолдама алды.
Жарыстың соңғы күні Сидоренко шәкірттері кореляқтардан ойсырай ұтылса, Словения ойыншылары Литва қақпасына жауапсыз 9 шайба соқты.
Чемпионат шымылдығын Қазақстан-Венгрия арасындағы ойын жапты. «Барыс-аренада» ойыншылардың бәсекесінен бөлек, жанкүйерлер жарысы да өтті. Жерлестерінің чемпионаттағы сәтсіз ойынына қарамастан, мажарстандықтар соңғы демі қалғанша қолдау көрсетті. Ақтық сында да Скабелка шәкірттері 3:1 есебімен жеңіске жетіп, жарысты жеңіліссіз аяқтады.
Хоккейден әлем біріншілігінің Қазақстанда өтуі – ел спорты тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі. Осындай тамаша әсерді Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрермен назарына ұсынды. Сондай-ақ, әр матч алдында ұйымдастырылыған «Qazsport студиясы» хоккей тойына ерекше сән бергені анық. Телеарна студиясында Ресей, Венгрия, Словения, Беларусь сынды елдердің өкілдері қонақ болып өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, Халықаралық хоккей федерациясының президенті Рене Фазель студияда қонақ болып, еліміздегі жарыстың ұйымдастырылуына жоғары баға беріп, арна ұжымына сәттілік тіледі.
Әр ойынға комментатор тағайындалып, сонымен қатар түрлі сарапшылар қонақ ретінде қатысып отырды. Көрермендер Qazsport арнасынан «Матч ТВ» телеарнасының сарапшсы Леонид Вайсфельдтің дауысын естіді. Ең қызығы, Қазақстан-Беларусь матчы кезінде белоруссиялық тілші Андрей Бондаренко сарапшы ретінде қатысып, өз ойымен бөлісті.
Аптаға созылған айтулы аламан өз деңгейінде өтіп, Qazsport телеарнасы аренадағы атмосфераны дәл сол күйінде телекөрерменге жеткізуге тырысты. Осы күні әлеуметтік желілерде алаңнан әуесқой түсірілімдер ұйымдастырылып, жарысты одан сайын тартымды ете түсті.
Осындай жұмыстарды ескерген Халықаралық хоккей федерациясының Президенті Рене Фазель «Қазақстан РТРК» АҚ төрайымы Ләззат Танысбайдың атына алғыс хат жолдады. Аталған алғыс хатта әлем біріншілігі ойындарының жоғарғы деңгейде өтуіне үлес қосқаны үшін алғыс білдірді. Осындай жарыстар өз деңгейінде өтуі үшін талпыныс танытқан арна ұжымына алғыс айтты.
Мұндай үлкен жарыстар мемлекеттің имиджін көкке көтереді. Үлкен істің орын алуына себепші болу, қашанда бойға жылу беріп, адамды қанаттандырады. Келер жылы Қазақстан құрамасы жоғарғы дивизионда сәтті өнер көрсетіп, жанкүйерлерін қуантады деп сенеміз.