Ерік Алғабек бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасына бас бапкері болып тағайындалды
Қазақстан бокс федерациясы бапкерлер кеңесінің ұсынымен және Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті, ҚР мәдениет және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт комитетінің мақұлдауымен Ерік Алғабек бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасына бас бапкері болып тағайындалды.
Ерік Алғабек бұл қызметті 2005 жылдан бері атқарып келе жатқан Вадим Присяжнюктің орнына келмек. Вадим Присяжнюктің жетекшілігімен Қазақстан құрамасы құрлықтағы үздіктер қатарына енді. 2005 жылдан бастап бұрымды боксшыларымыз әлем чемпионаттарынан бес алтын, төрт күміс және жеті қола медал иеленген. 2012 жылғы Олимпиада ойындарында Марина Вольнова, 2016 жылғы Олимпиадада Дариға Шәкімова қола жүлдегер атанды.
Әйелдер командасының басшылығына келген Ерік Алғабектің еңбек өтілі – 15 жыл. 2011-2016 жылдар аралығында жасөспірім қыздар мен жастар командасының бас бапкері қызметін атқарып, әлем чемпионаттарынан 4 алтын және 23 қола медаль жеңіп алуға септігін тигізген. 2011 жылдан бері Алғабек олимпиадалық даярлау орталығында аға бапкер қызметін атқарды.