Аяулым Әмренова: Менің уақытым алда
Қазақстандық фристайлшы Аяулым Әмренова Пхенчхандағы Олимпиада Ойындарында могулдан екінші іріктеу кезеңі бойынша сәтсіз өнер көрсетті.
Спортшы 39,68 ұпаймен финалға жолдама ала алмады. Алғашқы іріктеу кезеңінде ол 52,78 ұпай нәтиже көрсеткен еді. Қорытынды бойынша Әмренова 17-ші орынға тұрақтады.
«Қобалжу болған жоқ. Бірінші секіруден кейін ерте бұрылып қойғандықтан, осындай сәтсіздік болды. Бұл - өзімнің қателігім. Бірінші олимпиадам болғандықтан, алғашқы орынға үміттенгенім қате болар еді. Соның өзінде, бұл мен үшін үлкен қуаныш болды. Менің уақытым алда. Келесі Ойындарда жақсы нәтиже көрсетемін. Маған сеніңіздер, үміттеріңізді ақтамағаныма кешірім сұраймын», - деді спортшы жарыстан кейін берген сұхбатында.
17 жастағы спортшы үшін XXIII Қысқы Ойындар дебюттық болып саналады.
Могулдан медальға Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Юлия Галышева таласуда. Шешуші ойындарды дәл қазір «Qazaqstan» телеарнасы тікелей эфирде көрсетуде.