Пхенчхан-2018. 11-ақпан бойынша қазақстандық спортшылардың нәтижелері
Бүгін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындары аясында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы медаль түсті. Оны әйелдер арасындағы фристайлдан сынға түскен Юлия Галышева салды. Финалда Юлия 70.40 ұпаймен алға озды. Ал, осы спорт түрінен бақ сынаған тағы бір қазақстандық спортшы Аяулым Әмренова финалға өте алмады. Екінші мүмкіндікте Аяулым небәрі 38.68 ұпай жинады.
Сонымен қатар, ерлер арасындағы шаңғы жарысынан (Скиатлон. 15+15 шақырым) екі қазақстандық спортшы Евгений Величко мен Виталий Пухкало сайысқа түскен болатын. Алайда, екеуі де үмітті ақтай алмады. В.Пухкало мәре сызығына 1:19:46,7 уақытта жетіп, 34-орыннан көрінсе, екінші шаңғышымыз Евгений Величко жеңімпаздан 4 минут 43 секундқа кеш келіп, 43 орынға жайғасты.
Ал, бүгін қазақстандық Игорь Закурдаев қатысуы керек болған тау шаңғысы сайысы қатты жел тұруына байланысты кейінге шегерілді. Осылайша, ерлер арасындағы тау шаңғысы жарысынан жылдамдықпен сырғанау сайысы 15 ақпанға, ал, супер-гигант 16 ақпанға алмастырылды.
Айта кетейік, сайыстарды «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетуде.
ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарына қатысты барлық ақпаратты olympics.kaztrk.kz сайтынан оқи аласыздар.