Биатлон. Әйелдер арасындағы 15 км жекелей сайыс өз мәресіне жетті
Бүгін төртжылдықтың басты додасы аясындағы биатлоннан әйелдер арасындағы 15 км жекелей жарыс күні өз мәресіне жетті.
Аталғын сайыста құрама сапынан Ольга Полторанина, Галина Вишневская, Алина Райкова және Дарья Климина бақ сынады. Отандастарымыз арасынан алғашқы болып Полторанина сөреден аттанып мәре сызығына көздеп ату сәтінен 2 қателікпен 46:36.5 уақытта келіп, 44-ші орынға тұрақтады. Екінші бір отандасымыз Алина Райкова ату сәтінде 3 қателік жіберіп, 46:37.4 (45-орын) минут уақытта межеге жетті. Медальдан үмітті болған Галина Вишневская да мергендігімен танылмады. Көздеп атуда Вишневская 3 қателік жіберді. Соңғы межеге 46:23.4 (43) уақытта жетіп, жүлдеден үміт үзді. Төртінші отандасымыз Дарья Климина ату сәтінде 3 қате жіберіп, жалпы кестеде 46:44.4 (51) уақытпен жарысты аяқтады.
Ал, осы сайыстың жеңімпазы болып швед спортшысы Ханна Эберг атанды. Күміс және қола медаль словакиялық Анастасия Кузмина мен неміс спортшысы Лаура Дальмайердің еншісінде.
Сайысты «Qazaqstan» телеарнасы тікелей эфирде көрсетті.