Шорт-трек. Ерлер арасындағы 500 м қашықтықта үш отандасымыз ширек финалға жолдама алды
Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарында шорт-тректен кезекті сайыстар мәресіне жетіп, үш отандасымыз ширек финалға жолдама алды.
Ерлер арасында 500 метрлік қашықтықта бақ таластырған Денис Никиша өз тобында 41.436 уақыт көрсеткішімен 3-ші орын алғанымен, қарсылас спортшының отандасымызға қарсы тәртіп бұзғаны үшін ширек финалдық бәсекеге өтуге мүмкіндік берілді. Ал, Нұрберген Жұмағазиев 5-ші топта өнер көрсетіп, мәреге 40.748 секундта жетті. Бұл тұста да қарсыластардың тәртіп бұзғандығынан Жұмағазиевке ширек финалға жолдама берілді. Ақ Олимпиаданың ашылу салтанатында көк байрақты көтеріп шыққан Абзал Әжғалиев те топта сәтті өнер көрсетіп, ширек финалдық сайыстарға шығуға мүмкіндік алды.
Ал, 1000 метрлік қашықтықта бақ сынаған отандастарымыз Анастасия Крестова мен Йонг А Ким іріктеу кезеңінде сәтсіз өнер көрсетті. Белгіленген қашықтықты Йонг А Ким 1:29.703 уақытта жүріп, өтіп ширек финалға шығуға сәл жетпеді. Ал, Анастасия Крестова болса 2-ші топта өнер көрсетіп, бұл кезеңге өте алмады. Оның уақыт көрсеткіші – 1:31.557.
Ширек финалдық сайыстар 22-ақпан күні жалғасатын болады.