Пхенчхан-2018. 22-ақпан күнгі қазақстандық спортшылардың нәтижелері
22-ақпан күні отандастарымыз ХХІІІ Олимпиада ойындарында спорттың 3 түрі бойынша бақ сынады.
Алғашқы болып жарыс жолына шыққан тау шаңғысы спортының шебері Игорь Закурдаев аталған спорт түрінің слалом сайысы бойынша бақ сынаған еді. Жарыс қорытындысы бойынша отандасымыз алғашқы сыннан өту барысында сүрініп, келесі айналымға өте алмады.
Шорт-трек. Ерлер арасындағы 500 метрлік қашықтықта ширекфиналдық бәсекелерде сынға түскен Денис Никиша және Нұрберген Жұмағазиев сәтсіз өнер көрсетіп, жүлдеге таласу мүмкіндігінен қол үзді. Ал, Абзал Әжғалиев жартылай финалға өткенімен, қарсыластарына жол беріп, жарыс жолынын шығып қалды.
Сонымен қатар, командалық эстафетада 5000 метрлік қашықтық бойынша финалдық бәсекелер өз мәресіне жетті. 13-ақпан күні өткен іріктеу кезеңінде құрама жігіттері «В» финалдық тобына жолдама алған болатын.Жарыс қорытындысы бойынша Ақ Олимпиаданың шорт-тректен 5000 м эстафета сайыстарында Қазақстан құрамасы 6-орынға тұрақтады.
Биатлоннан әйелдер арасындағы 4 х 6 шақырымдық эстафета сайыстары бойынша Галина Вишневская, Дарья Климина, Алина Райкова, Ольга Полторанина бастаған құрама спортшылары сайыс қорытындысы бойынша 14-ші орынға тұрақтады. Отандастырымыз межеге 1:14:18.0 уақыт көрсеткішерімен жетіп, жарыс жеңімпаздары Беларусь құрамасынан 2 минут 14 секундқа қалып қойды.