FIFA-2018. Тарих пен бүгін. Германия құрамасы
Футболдан Германияның Ұлттық Құрамасы - Германияның атынан 1908 жылдан бері халықаралық жарыстарға қатысып келе жатқан команда. Ерлер құрамасы әлемнің төрт дүркін, әрі Еуропаның үш дүркін чемпионы атанып, қазіргі кезде әлемнің ең мықты және ең сәтті командаларының бірі саналады.
Құрама тарихы 1899 жылдан басталады. 1945 жылға дейін түрліше аталды: 1918-33 жылдары Веймар Ұлттық футбол құрамасы, 1933-45 жылдары Үшінші Рейх Ұлттық құрамасы. Шынайы атаулары осылай өзгергенімен, әлемдік БАҚ өкілдері тек «Германия құрамасы» деп қана атады. Соғысқа дейінгі аралықта құрама оншалық жарқыраған жоқ. 1942 жылы құрама ФИФА мүшелігінен шеттетілді. Соғыстан соң Германия екіге бөлінді, бұған дейінгі Германия құрамасының негізгі мұрагері ретінде ГФР немесе Батыс Германия құрамасы танылды. Ал, ГДР құрамасы өз алдарына жаңа тарихын бастады.
Неміс футбол одағы 1952 жылы құрылды, сол себепті ГФР құрамасы 1950 жылғы әлем чемпионатына жіберілмеді. 1954 жылы құрама соғыстан кейін тұңғыш рет әлемдік додаға қатысты. Оларды чемпион атанады деп ешкім күтпеді, себебі, топтық турнирде сол кезеңнің ең күшті командасы Мажарстаннан 3:8 есебімен ойсырай ұтылған-ды. Алайда, Мажарстанмен финалда қайта жолыққан немістер бастапқы 8 минутта екі гол жіберіп алғанымен, матч біткенше үш гол соғып, тұңғыш рет Әлем чемпионы атанды. Бұл табыс Германия құрамасының болашақтағы толассыз жетістіктерінің бастамасы боп саналды.
1964 жылы құраманы 28 жыл бойы баптаған Зепп Гербергердің орнына келген Хельмут Шён тіпті табысты болды. Құрама 1966 жылы Әлем чемпионатында күміс жүлде, төрт жылдан соң қола жүлдені иеленді. 1972 жылы финалда 3:0 есебімен КСРО-ны ұтып, Еуропа чемпионы атанды. 1974 жылы өз елдерінде өткен Әлем чемпионатында ешкімге дес бермей, алтын алқаны өздері тақты. 1976, 1980 жылдары өткен Еуропа чемпионатында тағы да финалға шықты, әуелгісінде Чехословакия шабуылшысы Антонин Паненканың қитұрқы пенальтиі бұларды қапы қалдырса, соңғысында Бельгияны 2:1 есебімен ұтып, Еуропада екінші рет топ жарды.
Жетпісінші жылдары құрама тек бір ғана ірі турнирде жүлдесіз қалды. 1978 жылы Аргентинада өткен әлем чемпионатында екінші топтық турнирде Нидерланды мен Италия оздырып, үшінші орында қалып қойды.
Сексенінші жылдары да табыссыз қалмады, қатарынан үшінші рет Әлем чемпионатының финалына шықты - 1982, 1986, 1990. 1982 жылы финалда Италиядан ұтылды да, Юпп Дерваль командадан кетіп, орнына Франц Беккенбауэр келді. Беккенбауэр дәуірінде құрама 1990 жылы чемпион атанды.
Келесі чемпиондықты Германия халқы 24 жыл күтті. 2014 жылы Бразилияда өткен Әлем чемпионатында финалда Аргентинаны 1:0 есебімен ұтып, алтын жүлдені олжалады. Арада бір жыл өткен соң Ресейдегі Конфедерациялар кубогында кілең жастардан құралған ұжыммен ойнаса да, бұларға тең келер қарсылас табылмады. Германия бұл жолы да топ жарды.
Жетістіктері:
Төрт дүркін әлем чемпионы: 1954, 1974, 1990, 2014;
Төрт дүркін әлемнің күміс жүлдегері: 1966, 1982, 1986, 2002;
Әлемнің қола жүлдегері: 1934, 1970, 2006, 2010;
Үш дүркін Еуропа чемпионы: 1972, 1980, 1996,
Үш дүркін Еуропа күміс жүлдегері: 1976, 1992, 2008;
Еуропаның қола жүлдегері: 1988, 2012, 2016;
Конфедерациялар кубогының жеңімпазы: 2017;
Конфедерациялар кубогының қола жүлдегері: 2005.
Әлем және Еуропа чемпионаттарындағы рекордтары
Әлем чемпионатының финалдық турнирлерінде ең көп гол соққан құрама: 224;
Әлем чемпионаттарында ең көп финалда ойнаған құрама: 8 рет;
Әлем чемпионатының ең үздік мергені Мирослав Клозе Германия футболшысы (16 гол);
Әлем чемпионаттарында ең көп матч өткізген Лотар Маттеус Германия құрамасының футболшысы (25 матч);
Еуропа чемпионатында Испаниямен бірге ең көп чемпион атанған құрама: 3 реттен;
Еуропа чемпионатында ең көп финалға шыққан құрама: 6 рет.
Жұлдызды ойыншылар:
Томас Мюллер - неміс футболшысы, «Бавария» ФК және Германия құрама командасында өнер көрсетеді. Мюллер түрлі позицияларда ойнайды: шабуылдайтын жартылай қорғаушы, екінші шабуылдаушы. 2010 жылғы Әлем чемпионатының қола иегері. 2010 жылғы Әлем чемпионатының «Алтын бутса» иегері және «Ең таңдаулы жас ойыншы» атағын алды. 2014 жылғы ұлттық құрама сапында Әлем чемпионы.
Месут Озил - тегі түрік, неміс футболшысы.
Лондондық «Арсенал» мен Германия құрама командасында өнер көрсетеді, жартылай қорғаушы позициясында ойнайды. 2014 жылғы ұлттық құрама сапында Әлем чемпионы.
Әлем рейтингісіндегі орны:
FIFA-ның мамыр айында жариялаған тізімінде Бразилия құрамасы 1-ші орында тұр.
2018 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу сынында:
Ресейде өтетін Әлем чемпионатына Германия құрамасы іріктеу кезеңінің «С» тобында өнер көрсетіп, топтан бірінші орын мен шықты. Сондай-ақ, аталмыш сында «Бундестим» алғашқылардың бірі болып іріктелген командалар сапында болды. Жалпы, 10 ойында жеңіліс дәмін көрмей, 30 ұпай жинады. 43 гол соғып, өз қақпаларына 4 гол жіберді. Әлем чемпионатында Мексика, Швеция және Корей Республикаларымен бірге «Ғ» тобында өнер көрсетеді.
Германия құрамасының Әлем чемпионатына қатысуға жариялаған кеңейтілген құрамы:
Қақпашылар: Бернд Лено, Мануэль Нойер, Марк-Андре тер Штеген, Кевин Трапп;
Қорғаушылар: Джером Боатенг, Маттиас Гинтер, Йонас Хектор, Матс Хуммельс, Джошуа Киммих, Марвин Платтенхардт, Антонио Рюдигер, Никлас Зюле, Джонатан Та;
Жартылай қорғаушылар: Юлиан Брандт, Юлиан Дракслер, Леон Горецка, Илкай Гюндоган, Сами Хедира, Марко Ройс, Тони Кроос, Месут Озил, Себастьян Руди;
Шабуылшылар: Марио Гомес, Лерой Сане, Тимо Вернер, Томас Мюллер, Нильс Петерсен.