Алматыда "Әлем барысы" турнирі өтеді
2 желтоқсан күні Алматыда «Балуан Шолақ» спорт сарайында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай қазақ күресінен түйе палуандар арасында «Әлем барысы» өтеді.
IV Әлем чемпионатында 30 елден келген 33 балуан бақтары мен баптарын безбенге салады. «Әлем Барысы» атану үшін АҚШ, Австралия, Бразилия, Грекия, Испания, Италия, Камерун, Конго, Корея, Куба, Нидерланды, Пәкістан, Польша елдерінің өкілдері боз кілемде бақ сынайды.
Байрақты бәсекеде еліміздің намысын Айбек Нұғымаров, Руслан Әбдіразақов, Айбат Сейтен және Нұрдаулет Жарылғапов қорғайды.
Биылғы әлемдік доданың жүлде қоры да қомақты. Алғашқы үштіктен көрінген спортшыларға ақшалай сыйлық беріліп, арнайы белбеулер табысталады.
Алматыдағы айтулы аламанды "QAZSPORT" телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Жарысты 2 желтоқсан күні сағат 12:55-тен бастап тікелей эфирде тамашалай аласыздар.