Букмекерлер «Барыс» ригалық «Динамодан» есе қайтарады деген сенімде
Бүгін, 22 қараша күні астаналық «Барыс» өз айдынында ҚХЛ ойындары аясында ригалық «Динамо» клубын қабылдайды.
Астаналық клуб ҚХЛ-дың «Шығыс» конференциясында 27 ойында 58 ұпаймен екінші сатыда тұр. Ригалықтар «Батыс» конференцияда 27 ойыннан 55 ұпай еншілеп үшінші орында.
Букмекерлер бұл кездесуде «Барыс» 3:2 есебімен қарсыласынан басым түседі деп болжам жасап отыр.
Естеріңізде болса, 13 қарашада Ригада өткен кездесуде «Барыс» буллиттер сериясында 3:2 есебімен «Динамоға» жол берген болатын.
«Барыс» осы кездесумен өз алаңындағы ойындар сериясын бастайды. Бұған дейін астаналық хоккейшілер сырт алаңда 4 ойын өткізіп, оның екеуінде жеңіске жетті. Балтық жағалауынан келген хоккейшілер өз алаңдарында өткізген 4 ойынның бәрінде басымдылық танытқан.
Айта кетейік, «Барыс» - «Динамо» ойынын «KAZsport» телеарнасы 18:50-де тікелей эфирде көрсетеді.