Хоккей. Риганың «Динамо» командасы дауға тап болды
20 қарашада Риганың «Динамо» хоккей клубының ҚХЛ ойындары аясында Ханты-Мансийскінің «Югра» клубымен кездесуі алдындағы көрермендерге ұсынған шоу-қойылымының суреттері бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көріп, үлкен дау туғызды.
Ортаға шыққан бір топ әртіс Латвия туының түсіне ұқсас үлкен маталармен мұз айдында нацистер символы – свастика бейнесін құрады. ҚХЛ жетекшілері тез арада осы жағдайды тексеру үшін комиссия құрып, геральдика мамандарының сурет туралы сараптамаларына жүгіне отырып, қорытынды шығарды.
Ойын Латвия республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында өткендіктен, ұйымдастырушылар шоуда латыш ұлтының ою-өрнектерін көрсетуді көздегенін айтып ақталды. Свастика мағынасында қабылданған символды латыштар «Күн символы» (Saules zime), ұлттық нақыш ретінде пайдаланатындарын жеткізді. ҚХЛ жетекшілері ұйымдастырушыларға келешекте көрермендерге екіұдай түсінік беретін бұндай көрсетілімдерден аулақ болуды ескертті.
Осы орайда ригалық «Динамо» хоккей клубы хоккейсүйер қауымнан осы жағдай үшін кешірім сұрады.
khl.ru