«Барыс» «Слованды» ойсырата ұтты
«Барыс» хоккей клубы өз алаңында «Слован» (Словакия, Братислава) командасын ойсырата ұтты. Айта кеткен жөн, бұған дейін Братислава қаласында өткен ойында «Барыстың» хоккейшілері «Слованды» 6:2 есебімен тізе бүктірген болатын. Осы жолы да Астана қаласының хоккей клубы қарсыластың қақпасына алты шайба соғып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Ойынның басында «Слован» есепті бірінші болып ашты. Алайда кейін сол бір шайбадан аса алмады. «Барыс» болса, үш кезеңнің әрбіреуінде екі шайбадан соғып, есеп айырмасын 6:1-ге жеткізе білді. Бұл матчта Константин Руденко, Дмитрий Уппер, Майк Ландин және Дастин Бойд нәтижелі соққылармен көзге түссе, Найджел Доус екі бірдей шайбаның авторы атанды.
Бұл ойыннан кейін «Барыс» тағы үш ұпайға қол жеткізіп, барлығы 62 ұпаймен жалпытурнирлік кестеде 4-ші орынды сақтап келеді.