«Барыс» - «Динамо» Мәскеу 4:3
Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасында қарсылас шақ келтірмей келеді.
Бірақ, «Батыс» конференциясының көш басшыларының бірі Мәскеудің «Динамосымен» өткен ойында астаналық хоккейшілерге оңай болмады. Бірінші кезеңде екі жақтың да гол соғатын мүмкіндіктері көп болғанмен, есеп ашылмады. Екінші 20 минуттықтың басында Алексей Цветков көзге түсіп, «Динамо» алға шықты. 37-ші минутта «Барыстың» қорғаушысы Артемий Лакиза таразы басын теңестіргенмен, араға 2 минут салып Мартиныш Карсумс қонақтарды алға шығарды. «Динамоның» латвиялық легионері 48-ші минутта «Барыстың» қақпасына үшінші шайбыны соқты.
Абырой болғанда, негізі уақыттың аяғына дейін, Роман Савченко мен Дмитрий Уппер есепті 3:3-ке жеткізіп, жеңімпаз буллит соғуда анықталатын болды. Бұл сында айдын иелерінің мерейі үстем болып, «Барыс» 4:3 есебімен жеңіске жетті.