«Барыстың» кезекті жеңісі
Қазақстандық хоккейшілер сырт айдындағы үшінші кездесуін жеңіспен аяқтады. Ресейдің Нижнекамск қаласында жергілікті «Нефтехимик» командасымен кездескен «Барыс» үш ұпайды еншіледі. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды 17 минутта Константин Романов соқты.
32 жастағы «Барыс» қақпашысы Ари Ахонен қақпасына бағытталған 33 соққының барлығын қайтарды. Бас бапкер жеңісті фин қақпашы алып келгенін атап өтті. Қазақстандық команда екі матч қатарынан өз қақпаларына шайба жібермеді. Өткен турда «Трактор» хоккейшілері Ахонен қорғанысын бұза алмады.
Бұл жеңістен кейін Ари-Пекка Селин шәкірттері 70 ұпай жинап, Шығыс конференциясының көшін бастады. Негізі қарсыластары – Қазанның «Ақ Барс» командасы Мәскеудің «Динамосынан» ұтылып қалды.
Сырт айдындағы ойындар сериясын «Барыс» ертең аяқтайды. Уфаның «Салават Юлаев» командасымен кездеседі. Ойын Астана уақытымен 17:00-де басталады. «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.