Токио Олимпиадасы өтетін жаңа мерзім ресми түрде жарияланды
Халықаралық Олимпиада комитеті, Халықаралық Паралимпиада комитеті, Токио-2020 ойындарын ұйымдастыру комитеті, сондай-ақ, Токио қаласы мен Жапония билгілі Олимпиада ойындары өтетін жаңа мерзімді бекітті.
2021 жылға ауыстырылған жазғы Олимпиада ойындары келесі жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында өтеді.
Токио-2020 мен Халықаралық Олимпиада комитеті төртжылдық додасының жаңа өту мерзімі туралы келісімге келді.
Лауазымды тұлғалар бүгін телефон арқылы конференция өткізген болатын. Жиынға ХОК президенті Томас Бах, Токио-2020 президенті Мори Йоширо, Токио губернаторы Коике Юрико, Олимпиада және Паралимпиада ойындарының министрі Хасимито Сейко қатысып, жаңа ойын кестесін бекітті.
Бұл шешімді қабылдау барысында тараптар 2020 жылдың 17 наурызында ХОК Атқарушы комитеті бекіткен негізгі үш қағиданы ұстанды.
1. Спортшылар мен барлық қатысушылардың денсаулығын сақтау, сонымен қатар, COVID-19 індетінің тежелуін қолдау;
2. Спортшылар мен олимпиадалық спорт түрлерінің ұстанымын қорғау;
3. Ғаламдағы халықаралық спорт күнтізбесі.
Ұйымдастырушылар Олимпиаданы көктемде немесе жазда өткізу туралы мәселені қарастырған болатын. Өткен аптада Токио ойындарының келесі жылға ауыстырылатыны жарияланғанда, әлемдегі ең ірі спорттық оқиғаның жаздан қалмай ұйымдастырылатыны айтылды.
Жиын барысында жазғы спорт түрлеріндегі барлық халықаралық федерациялар мен ұлттық олимпиадалық комитеттер қабылданған шешімді қолдады.
Айта кетелік, 24 наурыз күні әлемде COVID-19 індетінің белең алуына байланысты Жапония билігі мен ХОК бірлесе отырып, Олимпиада ойындарын келесі жылға қалдыру туралы шешім қабылдады.
Жаңадан бекітілген мерзім бойынша, Токио Олимпиадасы 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында өтеді. Паралимпиада ойындары 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады.