Қазақстандық хоккейшілер жартылай финалға шықты
Италияның Трентино қаласында өтіп жатқан қысқы Универсиадада қазақстандық хоккейшілер тағы да ерледі. Олар ширек финалда Латвия құрамасын 6:1 есебімен ойсырата ұтып, жартылай финалға жолдама алды.
Қазақстандық студенттер алғашқы кезеңде жауапсыз үш шайба соқты. Екінші кезеңде қарсыластар бір-бірден шайба алмасты. Үшінші кезеңде жерлестеріміз тағы екі мәрте көзге түсіп, айқын жеңіске жетті.
Қазақстандықтар сапынан Александр Шин, Никита Ковзалов, Александр Зубков, Константин Савенков, Леонид Метальников және Евгений Рымарев мергендік танытты.
Евгений Рымарев ойындағы үздік ойыншы атанды. Ол бір шайба соғып, үш нәтижелі пас берді. Ал қақпаны Андрей Янков қорғады. Латвиялықтар ойыншылар санының басымдығы болған уақытта жалғыз шайбасын соқты.
Қазақстан құрамасы жартылай финалда Италия-АҚШ жұбының жеңімпазымен кездеседі.