Токио Олимпиадасының 2021 жылға ауыстырылуы Халықаралық Олимпиада комитетін шығынға батырады
ХОК президенті Томас Бах жазғы ойындар мерзімінің бір жылға шегерілуі ұйым қазынасына жүздеген миллион долларлық салмақ саларын айтады.
Себебі, комитет Олимпиаданың кейінге шегерілу ықтималдығын ескермеген. «Бізде сақтандыру қоры жоқ. Шығынның нақты мөлшері әлі белгісіз.
Бұл шешім ұзақ уақытты талап етті. Бізді бұған кінәлауға болмайды, себебі мұндай жағдайда тек инстикт бойынша шешім қабылдау дұрыс емес.
ХОК тек Ойындардың мүлдем болмауына сақтандырылған, ал кейінге шегеруге сақтандыру қарастырылмаған», - деп Бах-тың сөзін InsideTheGames жеткізіп отыр.
Оған қоса, 2020 жылғы Олимпиада ойындарының ауысуы Жапония экономикасына да әсер етеді. Британдық LearnBonds экономикалық басылымының есептеулеріне сәйкес, жарысты өткізетін елдің шығыны 5,8 миллиард доллардан асады.