Хоккейден Ұлттық құрамалардың жаңа рейтингі шықты
Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) Сочиде өткен ХХІІ Қысқы Олимпиада ойындарынан кейін құрамалар арасындағы рейтингті қайта түзді. Жаңадан тізілген тізім бойынша Қазақстан ерлер құрамасы 17 сатыға жайғасса, әйелдер құрамасы 15 орынға тұрақтады.
Бұл рейтингте құрамалардың соңғы Сочи Олимпиадасындағы көрсеткіштерімен 2010-2013 жылдар аралығындағы Әлем біріншіліктерінде еншілеген жалпы ұпайлары есептелген. Жаңа тізім бойынша көш басында Швеция құрамасы келеді. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлерінің қоржынында 4000 ұпай бар. Екінші орында 3905 ұпайлары бар Финляндия құрамасы болса, Канада құрамасы жаңа тізімде бесінші орыннан үшінші орынға көтерілген.
Ал, Сочи Олимпиадасынан сырт қалған хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы бұл тізімде 17 орынға тұрақтапты. Біздің команданың еншісінде 2900 ұпай бар.
Олимпиада ойындарының ширек финалына дейін жеткен словениялықтар 17 сатыдан 14 сатыға жоғары секірген. Ал, 2018 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының қожайындары Корея құрамасы 25 орыннан 23 орынға шыққан.
Әйелдер арасында бірінші орында Олимпиада ойындарының жеңімпаздары Канада құрамасы. Канада құрамасының қоржынында 2960 ұпай бар. Екінші орынға 2940 ұпаймен АҚШ құрамасы жайғасты, Швейцария құрамасы 2720 ұпай жинап үздік үштікті қортындылап тұр. Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы 2110 ұпаймен 15 орында тұр.
tengrinews.kz