«Бавария» - Чемпиондар лигасының жеңімпазы
Мюнхендік «Бавария» Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды.
«Сегіздің финалы» форматында өткен турнирдің ақтық сынына «Бавария» мен франциялық ПСЖ шыққан. Финал Лиссабондағы «Эштадиу да Луш» стадионында өтті.
Жалғыз гол екінші таймда соғылды - 59-минутта Йозуа Киммихтің керемет пасынан кейін Кингсли Коман допты басымен қақпаға тоғытты.
«Бавария» өз тарихында алтыншы рет Чемпиондар Лигасын жеңіп алып, «Ливерпульмен» теңесті. Неміс және ағылшын клубтары турнир тарихында 3-ші орынды бөлісіп тұр. Алғашқы орындарда "Милан" (7) мен "Реал Мадрид" (13) келе жатыр.
Осылайша, германиялық клуб Кәрі құрлықтың клубтар арасындағы басты додасында алтыншы рет топ жарды. Ал ПСЖ Чемпиондар лигасының финалына алғаш рет шыққан болатын.
«Бавария» (Мюнхен) - ПСЖ (Париж) 1:0 (0:0)
Гол: Коман 59.