Қазақстандық хоккейшілер Швейцария құрамасына қарсылық көрсете алмады
Минскіде өтіп жатқан шайбалы хоккейден Әлем чемпионатында Қазақстан Ұлттық құрамасы топтық кезеңдегі алтыншы кездесуін Швейцария құрамасымен өткізді.
Бұл ойынға АҚШ-пен болған кездесуде жарақат алған шабуылшы Константин Пушкарев қатысқан жоқ. Айта кетейік, кеше қазақстандық хоккейшілер овертаймда АҚШ құрамасына есе жіберіп, турнирдегі екінші ұпайына ие болған еді.
Сонымен қатар, бас бапкер Ари-Пекка Селин қақпаны қорғауды Виталий Еремеевке сеніп тапсырды. Дегенмен тәжірибелі қақпашы Дин Кукан мен Денис Холленштайнның соққыларына тойтарыс бере алмады.
Екінші кезеңде швейцариялық хоккейшілер тағы екі шайба салды. Бұл жолы Виталий Еремеевті алмастырған Алексей Иванов қарсылық көрсете алмады. Шайба авторлары – Янник Вебер мен Эрик Блум.
Лука Кунти мен Эрик Блум шешуші кезеңде бір-бір шайба салғаннан кейін, қазақстандық хоккейшілер қарсыластарының қақпасын нысанаға алды. Алдымен Вадим Краснослободцев шайба дарытса, кейін Евгений Рымарев көзге түсті.
Қазақстан Ұлттық құрамасының келесі қарсыласы – Финляндия. 19 мамырда өтетін ойынды «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.