4 отандасымыз Әлем чемпионатының финалында!
Бокстан Белградта өтіп жатқан Әлем чемптонатының финалына 4 қазақстандық боксшы жолдама алды. Жаһандық доданың алтынына таласатын жігіттеріміз: Теміртас Жүсіпов, Сакен Бибосынов, Махмуд Сабырхан, Серік Теміржанов. Осы жөнінде толығырақ...
Белградтағы шаршы алаңға бірінші болып ең жеңіл салмақтағы Теміртас Жүсіпов шықты. Оның қарсыласы - болашағынан зор үміт күттіретін Беларусь боксшысы Евгений Кармильчик. Дегенмен Теміртас мол тәжірибесінің арқасында 5:0 есебімен жеңіске жетті. Финалдық жекпе-жекте отандасымыз таиландтық боксшы Вуттичай Юрачаймен жолығады.
Екінші болып құрама сапынан шаршы алаңға шыққан Махмуд Сабырхан да еш қиындықсыз финалға жолдама алды. Жартылай финалда үндістандық Акаш Кумардан 5:0 есебімен айла асырған ол, финалда жапониялық Томои Цубоймен қолғап түйістіреді.
Өкінішке қарай жартылай финалда бір боксшымыз жеңіліс тапты. Құрама капитаны Абылайхан Жүсіпов Жапониядан келген Севонрет Оказаваға есе жіберді. Тартысқа толы кездесуде жапониялық боксшы жеңіске жетті. Бұл жағдайға наразы болған ұлттық құрама штабы қарсы шағым түсіргенімен нәтиже бермеді. Осылайша Қазақстан қоржынына алғашқы қола түсті.
Кешкі сессияда қос отандасымыз Сәкен Бибосынов мен Серік Теміржанов жанкүйер көңілін марқайтты. 51 келіге дейінгі салмақта Сәкен тай боксшысы Танарат Саенгфеттен 4:1 есебімен басым түсті. Осылайша отандасымыз 2019 жылы жаһандық додада жеңген қоласынан асып түсті. Финалда спортшымыз америкалық Роско Хиллмен кездеседі.
Құрама сапынан жарыс жолына соңғы болып Серік Теміржанов шықты. Кубалық Освель Кабальерромен тартысты жекпе-жекте павлодарлық жігіт 3:2 есебімен басым түсті. Тіпті, бірінші раунд аяқталар тұста Серік кубалықты нокдаунға түсірді. Енді Серік алтын жүлде үшін АҚШ спортшысы Джамал Харвимен шеберлік байқасады.
Финалдық жекпе-жектер 5-6 қараша күндері өтеді. Отандастарымыз екі америкалық, екі Таиландтық және Жапониядан келген спортшылармен бас жүлдені сарапқа салады.