Финалдың алғашқы күні Қазақстан құрамасында толық медальдар жинағы!
Қазақстандық боксшы Теміртас Жүсіпов Әлем чемпионы атанды. Белградта, өзінің басты жекпе-жегінде отандасымыз тайланд елінің өкілі Вуттичай Юрачайді сенімді түрде жеңді. Жеңіл салмақтағы ақтық кездесу есебі 5:0. Айта кетейік, үшінші раунд кезінде төреші тай боксшысына есеп ашып, нокдаун тіркелді.
- «Әлем чемпионы болу менің арманым. Енді міне мансабым аяқталар тұста, алдыма қойған мақсатымды орындадым. Бокс федерациясына, Олимпиада комитетіне, мәдениет және спорт министрлігіне, барлық жанкүйерлерге алғысымды айтқым келеді» бұл су жаңа әлем чемпионы Теміртас Жүсіповтың кездесу аяқталған соң айтқан сөздері.
Әлем чемпионатының күміс жүлдесі құрамдағы ең жас боксшы Махмуд Сабырханның еншісінде. 54 келі салмақ дәрежесінің ақтық кездесуінде жапон боксшысы Томои Цубояға 0:5 есебімен есе жіберді.
- Алтын жүлдені алу үшін барымды салдым, бірақ болмай қалды. Бастапқыда біздің үлкен мақсатымыз болып еді. Ол – Вэл Баркер кубогын Қазақстанға алып келу. Жанкүйерлерімнен кешірім сұраймын» деп өз ойын Махмуд түйіндеді.
Құрама капитаны Абылайхан Жүсіпов әлем чемпионатының қоласын еншіледі.
Әлем чемпионатының соңғы күні рингке тағы екі отандасымыз көтеріледі. 51 келіде Сәкен Бибосынов және 57 келіде Серік Теміржанов.