САМБОДАН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫН СӘТТІ БАСТАДЫ
Бүгін Өзбекстан астанасы Ташкентте самбодан Әлем Чемпионатының жалауы желбіреді. Әлемнің 50 мемлекетінен келген спортшылар 12-14 қараша аралығында 7 салмақ дәрежесінде шын мықтыны анықтайды.
Жарыстың алғашқы күнінде отандастарымыз сәтті өнер көрсетті. Әзірге ел құрамасының қоржынында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде бар.
Күндізгі сессияда 58 келіде өнер көрсеткен отандасымыз Райымқұлов Болатбек қола жүлдегер атанды. Үшінші орын үшін өткен тартысты белдесуде отандасымыз грузиялық Чидрашвили Вахтангидан айла асырды. Өкінішке қарай ұйымдастырушылар тарапы күндізгі сессиядағы іріктеу белдесулерін телевизиялық нұсқада түсірмеді.
Кешкі сессияда финалдық белдесулер өтіп, жүлделер сарапқа салынды. Алдымен бозкілемге жауынгерлік самбодан 98 келіге дейінгі салмақта Мади Райхан шығуға тиіс болған. Ақтық сында отандасымыз ресейлік балуан Расул Магомедовпен белдесуі керек еді. Бірақ Райханға медициналық штаб өкілдері жартылай финалда жарақатының ауырлығын алға тартып, финалға шығуына шектеу қойды. Осылайша отандасымыз күмісті місе тұтты.
Ел құрамасының қоржынына алғашқы алтынды бұрымды балуанымыз Гүлдана Әлмұханбетова салды. 54 келідегі тартысты белдесуде отандасымыз моңғол қызы Нехитбаатар Баярмадан басым түсті. Гүлдана Әлем чемпионы атанып, 4000 мың АҚШ долларына ие болды.
Гүлдананың ізіншала бозкілемге шыққан 64 келідегі Жананиет Рахат та алтыннан алқа тақты. Бас жүлдеге таласқан белорусь жігіті Хладких Павел отандасымызға қарсы еш айла таппады. Нәтижесінде Рахат 8:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді.
Самбодан Әлем чемпионатының финалдық белдесулерін күн сайын сағат 19:00-де «Qazsport» арнасынан тамашалаңыздар!
Қосымша ақпараттар: https://www.instagram.com/qazsport_official/