Каратэден Азия чемпионаты: үш отандасымыз финалда
Алматы қаласында басталған сары құрлық біріншілігінің алғашқы күнінде үш бірдей отанрдасымыз финалға жолдама алды.
68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз Софья Берульцева ақтық сынға шықты. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері алдымен Гонконг және Иран спортшысынан басым түсті. Енді Софья Азия чемпионатының алтынын жапон спортшысы Савае Юзукимен сарапқа салады.
50 келіде отандасымыз Мөлдір Жаңбырбай финалда филипин спортшысы Джуна Цукимен кездеседі.
55 келіде Сабина Захарова және 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Әсел Қанай қола жүлде үшін кездесуге мүмкіндіктері бар.
Ерлер арасында 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Андрей Ақтауов финалға жолдама алды. Финалдағы қарсыласы Сауд Арабиясының өкілі Барги Ясир.
Жастар арасындағы Әлем чемпионы 60 келіде Еркінбек Байтөреев құрлықтық доданың қола жүлдесі үшін кездесу өткізеді. Сонымен қатар Дидар Әмірәлі, (67 келі) Нұрқанат Ажиканов, (75 келіге дейін) және Бейбарыс Жаңбыр (84 келіге дейін) Азия чемпионатының қола жүлдесі үшін кездесулеріне шығады.
Каратэден Азия чемпионатының алғашқы жеңімпаздары мен жүлдегерлері ертең анықталады. Алматы қаласынан тікелей эфир 14:00-де басталады. Финалдық кездесулерді «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.