Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған волейболдан БАҚ өкілдерінің чемпионаты мәресіне жетті
Елордада екі айға созылған волейболдан БАҚ өкілдері арасындағы чемпионат мәресіне жетті. Үшінші рет ұйымдастырылған біріншілікке еліміздің әртүрлі БАҚ редакцияларынан барлығы 12 команда қатысты.
Қазақ телевизиясының майталманы Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған биылғы маусымда 12 команда алдымен алты-алтыдан екі топқа бөлінді. Әр топтан төрт үздік ұжымнан плей-офф кезеңіне жолдама алып, нәтижесінде бас жүлдеге таласатын екі мықты анықталды.
Осылайша, финалдық матчта маусымның бас жүлдесін "Atameken business" және "7 арна" телеарналарының командалары сарапқа салды. Кездесу 3:1 (23:25, 25:23, 25:23, 25:17) есебімен "Atameken business" ұжымының жеңісімен аяқталды.
Ал үшінші орынға "Қазмедиа" командасы ие болды. Қола жүлде үшін таласта олар "Qazcontent" агенттігі командасынан 2:0 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ, команда капитандарының арасында жүргізілген сауалнама бойынша, жекелей номинациялардың да иегерлері анықталды. "Atameken business" командасының мүшесі Ермахан Карекенов ерлер арасындағы үздік ойыншы деп танылса, қыздар арасында Әсел Әбілбекова (Qazaq radiosy) үздік атанды. Ардагерлер санатында Ренат Ахметов (7 арна) ең көп дауыс жинаса, "QazContent" Агенттігінің қызметкері Мадияр Ерсайын үздік тосқауышлы болып танылды. Сонымен қатар, "Қазмедиа орталығының" қызметкері Назар Найзабекұлы үздік шабуылшы, "7 арна"командасының ойыншысы Алтынай Тукенина үздік пас шығарушы номинациясын жеңіп алды.
Жалпы, биылғы маусымға «7 арна», «Atameken business» телеарнасы, «Еуразия» бірінші арнасы, «QazContent» агенттігі, «Қазмедиа» орталығы, «Егемен Қазақстан» газеті, Qazaq radiosy, Shalqar radiosy, «Aiqyn-Liter» газеттері, «Хабар» агенттігі, Комментаторлар құрамасы және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қатысты.
Айта кетейік, байрағын 2016 жылдың 10 желтоқсанында желбіреткен BAQ liga – Қазақстан БАҚ өкілдерінің басын біріктіріп, редакциялар арасында көпір орнатып, әріптестік татулықты арттыруға бағытталған жоба. Бүгінге дейін BAQ liga Қазақстан Масс-медиасы арасында футбол додаларын өткізіп келді. Осы уақытқа дейін БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан 10 маусым, волейболдан 2 чемпионат өтіп, оған еліміздің 70-тен астам Бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларынан 1 000 шамасында журналистер қатысты. BAQ liga брендімен БАҚ өкілдері арасындағы шағын футбол біріншіліктері елордамыздан бөлек, Алматы, Талдықорған және Ақтау сынды қалаларда да ұйымдастырылды.
Ал волейболдан БАҚ лиганың бірінші маусымына 8 команда қатысып, «Қазақпарат» агенттігі чемпион атанған. Екінші маусымға 12 команда қатысып, «Қазақстан-Қазспорт» командасы жеңімпаз болды.
Естеріңізге сала кетейік, волейболдан Журналистер лигасының үшінші маусымы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қолдауымен Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған. Маусымның бас серіктесі – Sport qory.
Бұдан бөлек, «BAQ liga-Қазақстан журналистер лигасының»аясында бүгінде елордада «Хабар 24» телеарнасының 10 жылдық мерейтойына арналған БАҚ өкілдері арасындағы шағын футбол чемпионаты өтіп жатыр. Ал келесі айға «Қазмедиа» орталығының 10 жылдығына арналған үстел теннисінен журналистер чемпионаты жоспарланған.