Әлем чемпионаты. Қазақстан хоккейшілері І дивизиондағы «В» тобында жеңімпаз атанды
Қазақстан құрамасы жастар арасындағы Әлем чемпионатының бірінші дивизионының «В» тобындағы төртінші матчында Венгрияны 3:1 есебімен ұтты.
Алғашқы шайбаны бірінші кезеңде қазақстандық Никита Михайлис соқты. Ал, екінші жиырма минуттықта Даниэль Сабо есепті теңестірді.
Ойынның соңғы бөлігінде Иван Кинстлер мен Аркадий Шестаков қазақстандықтарды алға шығарды.
Осылайша, жерлестеріміз турнирде төртінші жеңіске қол жеткізді және 12 ұпаймен «В» тобында бірінші орынды еншілеп, «А» тобына жолдама ұтты.
Енді 20 желтоқсанда Қазақстан құрамасы Польша хоккейшілерімен Астана уақыты бойынша сағат 18:00-де кездеседі.